Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Массаж жасаудың маманы

Әдетте Батыр ана дегенде көз алдыңызға жасы егде тартқан үлкен әпке, әжелер елестейтіні сөзсіз. Бірақ біз айтқалы отырған көп балалы ананың жасы қырыққа да толмаған. Тереңөзектік Айнұр Желдербаева – кенттегі көпбалалы аналардың бірі. Ол жақында кент орталығынан «Айбибі» массаж орталығын ашты. Алланың берген бақытын көпсінбейтін жас ана қолынан келетін кәсіпті меңгеріп, арнайы маманданып алған.
Қалжан ахун ауылының тумасы Айнұр – ата-анасының кенжесі. Отбасында 9 баланың ең кішісі болып өскен қаршадай қыз мектеп бітірген соң медбикелікке маманданады. Қолына дипломын алған соң балабақшаларда өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 22 жасында тұрмысқа шыққан Айнұр көп жылдардан бері ауданда мұнай саласында есепші болып қызмет атқарған, қазіргі кезде зейнеткер ана Зухра Ерәлиеваның келіні. Қосағы Талғат – анасының көзінің ағы мен қарасы. Айнұр бір әулеттің ұрпағын көбейтіп, сонда да болса қол қусырып отыруды жаны қаламайтын елгезек жан.
Айнұр Желдербаева соңғы 4 жылдан бері 3 перзентін дүниеге әкелгендіктен осы күні бала күтімімен декреттік демалыста. Кенже қызы Айбибі 7 айлық. Талғат пен Айнұрдың тұңғыштары Нұрислам 8-сыныпта оқыса, Мунира, Әлихан, Жансұлтан да мектеп оқушылары, ал Жазира, Адина, Айбибі – үйдің кішкентайлары.
– Қазір декреттік демалыстамын. Босанғанға дейін №36 мектеп-лицейдің медбикесі болдым. Бірнеше жылдан бері балаларымның арасында дисплазияға шалдыққандары болып, осы дерттің біраз азабын көрдім. Әсіресе үлкен қызымның 2 жасқа келгенше жүрмегені жаныма қатты батты. Бармаған дәрігерім қалмады. Ақыры оның емі массажда екенін түсініп, үздіксіз алған емнің арқасында қызым аяққа тұрды. Қазір байқасам көп аналар осындай жағдайды басынан көптеп өткізеді. Меніңше баланың туа бітті ұршығының шығып кетуі ең алдымен ананың денсаулығының жоқтығынан. Анемияның салдары болуы керек. Жалпы жаңа туған нәрестені екі айлығында дәрігерлерге көр­сетіп алған дұрыс. Қандай дерт болмасын ерте анықталғанда шипасы болады. Ал екінің бірінде кездесетін ұршық буынның дисплазиясын емдеуге ұзақ уақыт кетеді. Басын бастап, аяғына жетпеу ол баланың келешегіне бей-жай қарағандық. Сондықтан жас аналар шыдамдылықпен емді аяғына дейін жеткізіп, мамандардың айтқан нұсқаулығын орындаса бала сауығып кететіні сөзсіз, – дейді медбике әрі массажист Айнұр Желдербаева.
Иә, адам қандай да бір қиыншылықты басынан өткізбесе, оның мәнін түсінбесі анық. Айнұр өз балаларының тірек-қимыл жүйесінде болған ақа­уымен күресті. Сондықтан оның бойында қайткен күнде де балалардың дені сау болуы үшін күресу қажет деген ішкі түйсігі мықтап қалыптасты. Ол уақыт өткізбей, ізденіп, массаж жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрену үшін арнайы курстарға қатысты. Өзінің аяғы ауыр болғанына қарамастан, үйдегі шиттей балаларының қамын жасап та үлгіріп, арнайы маманнан да дәріс алды.
Алдымен қытайлық нүкте сауықтыру массаж курсынан өтіп, классикалық, нүктелік, бас, табан, бет, балалар массажынан тәжірибе жинады. Қызылорда қаласындағы «ДЕМ» массаж орталығында білік­тілігін жетілдіріп, өз ісінің маманы Айгүл Шадаевадан үйренді. Қазір Айнұр кәнігі маман атанған. Ол балаларда кездесетін жамбас сүйегінің дисплазия­­сы, қисайған мойын, майтабан, бассүйек ішіндегі қысымды сауықтыратын массаждың небір әдісін меңгерді.
«Айбибі» массаж орталығының иесі әрі маманы Айнұр Желдербаеваның айтуынша арнайы гимнастикалық массаж баланың жасына және дамуы­­на байланысты жүргізіледі. Мәселен, санның ішкі және артқы бұлшық еттерінің бос болуы үшін тонустары жоғарылаған кезінде сипалау, дірілдету және вибрация әдісін пайдаланады. Әлсізденген санның бұлшық еттерінде ысқылау, ұрғылау әдіс­терін қолданады. Барлық тәсілдер массажбен бірге жүргізіледі. Массаж кезінде бала ауырсынуды сезбеу керек. Емдік әсері жақсы болуы үшін жылы процедурадан кейін жасалуы керек.
– Жалпы массаждың сипау, сылау, уқалау, соққылау, дірілдету, селкілдету әдістері бар. Қандай массаж болсын алдымен сипаудан басталады. Дене қызған соң уқалай бастау керек. Сипау – балалар массажындағы жиі қолданылатын әдіс. Ол қолды жәймен тері үстінде сырғанату деген сөз. Бірақ тері қозғалыссыз болу керек. Бұл келесі амалдарға дайындық ретінде жасалады. Алақан толықтай дененің үстінде болады. Сылау – басты массаж әдісі. Ол теріні ұстау, тартқылау, созғылау, сылау арқылы жасалады. Сылау бұлшық ет талшықтарының бағытымен жұмсақ және жәймен орындалады. Барлық қозғалыс аяқталған болу керек. Әрбір сылаудан кейін сипалау мен сілкілеу әдісі жасалады. Уқалау – теріні әртүрлі бағытқа тарту, қозғау және созғылау. Тері қолмен бірге қозғалады. Бұл әдіс басқасына қарағанда теріге тереңірек әсер етеді. Дірілдету мен сілкілеу әдісі дененің тербелгіш қозғалыстарын жасайтын бөліктеріне жатады. Ол теріге, жүйкеге және сүйекке өте терең әсер етеді. Діріл ояту, қоздыру әрекетін жасаса, сілкілеу тыныштандыратын әсер береді, – дейді балалар массажының маманы.
Туа біткен ұршық шығу, ұршық буынның дисплазия­сы тірек-қимыл жүйесінде болатын кемістіктердің бірі екені көптеген адамдарға мәлім. Мұнда баланың ортаңғы жілігінің шығып кетуі іштен туа болады немесе соған бейім боп туады. Туғаннан ұршық шығу ауруы мүше мүгедектігінің ішінде ең жиі кездеседі. Мұндай жағдай неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік мол болатыны дәлелденген.
Көпбалалы ана Айнұр Желдербаева жақында орталық жұмысын бастағанда салтанатты түрде үлкендерге лентасын қиғызған. Сол іс-шарада Айнұрдың әкесі Қайбырахман аға қызының бойына мұндай қасиеттің даруы атасынан екенін айтқан. Желдербай ата өз заманында діни сауатты, ауырғандарға дем салатын емші болған. Әсіресе сал ауруына шалдыққандарға шипалы емін жасап, талай алғыс алған екен. Сондықтан, науқас балалардың сауығуына көмегін тигізуге белсене кіріске қызының ниетіне әке тілектестігін білдірсе, екінші жағынан бабаның қасиеті қызына дарығанына іштей риза болған.
Жас та болса белгілі кәсіптің түрін меңгеріп, халықтың сұранысына сай қызметін ашқан жас Батыр ана – Айнұр Желдербаеваның бұл бастамасын нағыз ерлік дер едік. Сыртта жүріп, жұмыс істеген ерінің қамқорлығымен балаларын да жеткізіп, үйдің де жағдайын жасап, өзге балалардың да сауығып кетуіне уақыт тауып жүрген келіншектің кәсібі көпке үлгі десек артық айтқандық болмас. Көптеген дертке шипалы алақанымен ем тапқан аяулы ана осы уақытқа дейін өз күшімен, жиған қаржысына шағын орталық ашуға қол жеткізді. Орталық жұмысын жолға қойып, тұрақты келушілерін қалыптастырды. Орталық жұмысын жетілдіру үшін арнайы ультрофорез аппаратын да сатып алды. Бұл құрылғының көмегімен бет терісіндегі дақтарды, бөртпелерді тазартады. Ал жалпы массаж қызметін алушыға бұл қызмет түрі қосымша сыйлық ретінде ұсынылады.
Шағын орталығын кеңейтуді мақсат еткен жас кәсіпкер «Бизестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеясын ұсынуды жоспарлап отыр. Бизнес-жоспары да дайын. Ендігі кезде өз идеясын қорғап, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті тиімді пайдалану.


Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: