Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Сырдың саңлақ спортшысы

Каратэ-до – жапондардың ұлттық спорты. Дегенмен, оған әлем жұртшылығының қызығушылығы жоғары. Бүгінде бұл спорт түрі біздің елде де қарқынды дамуда. Қазір ел намысын абыроймен қорғап жүрген каратэшілер қатары көп. Алыс-жақын шетелден олжалы оралып жатқан жерлестеріміз де баршылық. Жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбаймен ой бөлісудің сәті түсті.


Жерлестері Мөлдірдің спорттағы жетістігімен жақсы таныс. Әсіресе, Токио Олимпиадасында бақ сынаған сәтте Сыр елі тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Онда жүлделі орыннан көрінбесе де спортшының бағындырған белесі аз емес. Каратэден Әлем және Азия біріншілігінің сан мәрте жеңімпазы. Мұндай көңіл қуантарлық нәтиже оның тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығуының жемісі екені анық.
Спортқа енді қадам басқан жас өренге Мөлдір секілді каратэшінің кәсіби жолы өнеге боларлық. Ешкім жетектемесе де өмір жолын таңдауға деген батыл қадам спортшыны жаттығу залына бастаған. Бала кезінен өзге қыз балалардай қуыршаққа емес, керісінше, көрші балалармен төбелесіп, доп теуіп, футбол ойнағанға бейім болыпты. Тіпті, үйдің маңынан спорт мектебінің ашылатынын естіген бойда қашан жұмыс істейтінін білу үшін күнде баруды әдетке айналдырады. Ал спорт мектебіне қабылданған соң жаттығуды жібермей, әр сайысқа тыңғылықты дайындалып отырған. Содан болар, каратэге әпкесі мен інісі де барғанымен соңына дейін қатысқан Мөлдір ғана екен. Айтуынша, бүгінде каратэ хоббидан өмірлік кәсібіне айналған.
– Жаттығуды бастағаныма небәрі үш ай болғанда алғаш рет Тараз қаласына жарысқа бардым. Додада жолым болып, II орын алғаным есімде. Ал шетелдегі тұңғыш сайысқа 2009 жылы жолым түсті. Ол – Бейжіңде болған Әлем чемпионаты. Ол сапарда да қанжыға майланып, II орын иелендім. Содан бері ешбір сайыстан жүлдесіз оралған емеспін. Тек ересектер бөлігіне ауысқан кезде кішкене қиналдым. Мен үшін 2021-2023 жылдар аралығы жетістікке толы болды. Бірнеше халықаралық жарыста топ жардым. Оның ішінде Португалияда II орын алсам, Мәскеуде I орын иелендім. Онан соң Париждегі жарыста топ жарып, Олимпиадаға жолдама ұтып алдым. Атап айтарлығы, Олимпиада ойындарына қатысып, марқұм жаттықтырушым Рүстем Батырханұлының арманын орындадым. Одан беріде Алматыда өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тақтым. Міне, биыл Қытайдың Ханчжоу қаласынан да күміс жүлдені иеленіп, олжалы оралып отырмыз. Жалпы спорттан алған тәжірибем, өмірлік сабағым жетерлік. Денсаулығыма да біршама зиян келді, – дейді каратэші.
Токио Олимпиадасында ол жүлделі орыннан көріне алған жоқ. Десе де оның жеңіске деген жігері көрініп тұрды. Мөлдір В тобында сынға түсіп, екі кездесуде жеңілді, бір кездесуде тең түсті. Ал бір жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Атап айтар болсақ, ол египеттік Радва Сайедті ұтып, украиналық Анжелика Терлюгамен 4:4 есебімен тең түсті. Ал австриялық Беттина Планк пен жапониялық Михо Мияхараны ұту мүмкін болмады. 
Ол өз тобында 3 ұпаймен төртінші орында қалды. Ал келесі кезеңге тек екі спортшы жолдама алды.
«Біз асыға күткен Токио Олимпиадасы да көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Бұл жарыс маған үлкен әсер сыйлады. Себебі, каратэ Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енді. Оның үстіне, келесі ойын бағдарламасында болмайтындықтан, біз үшін бұл жалғыз әрі үлкен мүмкіндік еді. Барлық спортшылар мұны жақсы түсінді. Қазақстан командасынан Токиоға 5 спортшының жолдама алғанын да үлкен жетістік деп білемін. Ал өз жекпе-жектеріме келер болсам, жарысты жақсы бастадым. Алдымен Египет қызын ұттым, екінші кездесуде австриялық қызды ұтып тұрып, жеңіліп қалдым. Кейін Украина қызын да жеңіп тұрып, жекпе-жек аяқталуына 2-3 секунд қалғанда жеңісті беріп қойдым. Менің сондай жаман әдетім бар. Ұпай санымен алда келе жатсам, бір орында тұрып қаламын. Мұны психологияға жатқыза алмаймын, өйткені, бұл бір емес, бірнеше рет қайталанып тұр. Тек әдет деп айтуға болады. Топтан шықпай қалғанымның басты себебі осы деп ойлаймын.Токио Олимпиадасы командамыз үшін жақсы аяқталды. Екі қоламен елге оралдық. Командаластарым үшін аса қуаныштымын. Біз бір үйдің балаларындай болып кеткенбіз. Үйдегі жақындарымыздан гөрі, құрамадағы қыз-жігіттерді көбірек көреміз. Қазақстандық каратэшілер әлі талай жеңісімен қуантарына сенімім мол», - дейді Мөлдір.
2021 жылы Мөлдір Жаңбырбай Мәскеуде Премьер-лига кезеңінде топ жарды. Жарыс жеңімпазы атанған Мөлдір жарысты қорытындылап берді.
«Олимпиададан кейін кішкене демалып, осы жарысқа 10 күн ғана дайындықпен барсам да, жақсы нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Олимпиадада жеңіп тұрып, соңғы сәтте ұпай жіберіп ұтылып қалғаныма ішім ашыды, Олимпиададан кейін бұл үлкен өкінішке айналды. Мәскеудегі әлемдік доданың финалындағы австриялық қарсыласымнан соңғы секундтарда ұпай жіберіп, ұтылып қалғанмын. Сондықтан маған бұл финал өте маңызды болды. Олимпиададағы қателігімді қайталамауға тырыстым. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Жарыстың әрқайсысына тыңғылықты дайындалып, міндетті түрде алтын алуға тырысамын», - дейді спортшы.
Мөлдір Жаңбырбай қазақстандық каратэ тарихында (ерлер мен әйелдер арасында) әлем чемпионы атанған тұңғыш әрі жалғыз спортшы.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: