Мемлекет басшысының бастамасымен қыркүйек айының 8-13-і күндері Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін айшықтайтын бірегей іс-шара. Басты мақсаты – көшпелілер өркениетін қайта жаңғырту, оны сақтау және дүйім елге танымал ету. Ойынның ажырамас бөлігіне айналған «Бірлік керуені» Сыр өңірінде өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр ана» монументіндегі салтанатты іс-шараға қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас халықтар – Ұлы дала көшпелі өркениетінің мұрагерлері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды», – деп атап өтті. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Бұл – әлем елдері асыға күткен спорттық жарыс.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейдегі 80-нен астам шара ұйымдастырылды. Су алу рәсімі көнеден керуен тартқан, көшпенділер өркениетінің тарихынан сыр шертетін қарт Қаратаудың етегіндегі «Сауысқандық» шатқалында өткізілді. Осы шараның «Сауысқандықта» өткізілуінің өзіндік символдық мәні бар. Бұл – тарихы терең археологиялық мұра әрі табиғи ландшафты ерекше орын. Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдық басында ұлы даланың байрақты ұлдары өмір тіршілігін тасқа қашап жазып, әлемдік руханият пен мәдени мұраға өлшеусіз үлес қосқан. Шиелі ауданы «Сауысқандық» шатқалында басталған су алу рәсімі бүгін міне, Қызылорда қаласында жалғасын табуда. Сыр өңірінен Астана қаласына аттанатын киелі су мен батырларымыздың, сенім артқан елшілеріміздің сапары сәтті болсын!», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы керуеннің көшбасшысы, "Қазақстан барысы" Мақсат Исағабыловқа "Сауысқандық" шатқалынан алынған суды табыстап, сайыста сәттілік тіледі.
Ұлы дала салтын дәріптеп, ел абыройын асқақтататын ауқымды шараға Сыр өңірінің атынан 4 спортшы 3 спорт түрінен сайысқа түседі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінен облысымыз бойынша 11 спортшы Ұлттық құрама командаға шақырту алып, қазіргі таңда жоспарға сай оқу-жаттығу жиындары мен ресми жарыстарға қатысуда.
Қазақ күресінен – Исақабылов Мақсат, татар ұлттық күресінен - Жұмахан Жұлдыз (66 кг), Оразбай Арайлым (+76 кг), Әбілтаева Назерке (52 кг), көкпардан - Асқаров Нұрлыбек, Медетбек Балғынбек, Әмзеев Наурызқожа, Ағайдар Дәулет жамбы атудан - Өміртай Ғалымжан, Пернебай Ақаділ, тоғызқұмалақтан – Бостандықов Бексұлтан қатысады.
Аймақта ұйымдастырылған спорттық шаралардың барлығы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын танымал ету мақсатын қамтып келеді. Жыл басынан бері түрлі деңгейде ұйымдастырылған 78 мәдени-спорттық шаралар барысында аталған ойындарды насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Әкімдіктің ресми сайтында ойынның ресми порталына сілтеме жасай отырып ДКО логотиптері орналастырылды.
Жергілікті телеарналарда аталған тақырыпта сюжеттер көрсетіліп, арнайы әзірленген анонстық бейнероликтер тәулігіне 2 реттен көрсетілуде. Жергілікті интернет-ресурстарда - 76, әлеуметтік желілерде – 500-ге жуық ақпараттық материалдар жарық көріп, қала және аудан орталықтарында 47 ДКО-ның логотиптері мен арнайы үлгідегі тақырыптық билбордтар ілінді.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді.
2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады.
Оның спорт бағдарламалары – түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген.
Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған.
Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша, дәстүрлі садақ ату, саятшылық өнері, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.
Ойын ұйымдастырушылары халықаралық жарысты өткізуде артық шығынға жол бермеу мен тиімділік ұстанымдарына сүйенеді. Ойындарды өткізу үшін жаңа ғимараттар салынбай, қолда бар спорт құрылымдары тартылады.
Ал Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің барлық аймағын қамтыған «Бірлік керуені» жобасы басталады.
Қазіргі күні ірі спорттық жарыстардың барлығында дерлік (Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада және т.б.) түрлі формада Алау эстафетасы ұйымдастырылады.
Кей жағдайларда алауға балама ретінде басқа да қасиетті элементтер немесе ежелгі жәдігерлерді қолданылуы мүмкін. Мәселен, бұған дейін өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қасиетті бұлақ суы эстафета мен ашылу салтанатының негізгі элементі болған еді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ондағы логотипте күнбасты салт атты бейнеленген.
Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді.
Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған.
Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады.
Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған.