Қызылорда облысы, Шиелі ауданында үстіміздегі жылдың 30 сәуір күні Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ересектер арасында көкпардан және аударыспақтан аудандық ашық турнир өтті.
Аталмыш додаға Шиелі ауданынан 5 команда қатысты. Турнир қорытындысында көкпардан Нартай ауылының көкпаршылары чемпион атанды. Күміс жүлде Еңбекші ауылының, ал қола медаль Жиделі ауданының командасына бұйырды. Көкпардан жеңімпаз және жүлдегер командалар демеушілер тағайындаған қаржылай сыйақымен марапатталды. I орынға 40 мың теңге, II орынға 30 мың теңге, III орынға 20 мың теңге.
Жарыс бағдарламасына сәйкес аударыспақ шеберлері 2 салмақ дәрежесінде күш сынасты. 70 келі салмақта Жасұлан Айтпай (Нартай ауылы) чемпион атанса, 100 келіден жоғары салмақта шеберлік байқасқан Бала би ауылының спортшысы Асанәлі Назарбековтің мерейі үстем болды.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілердің қаржылай сыйақысы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, естелік сыйлықтары табысталды.