Ата-бабаның текті топырағы түрленіп, табиғат-ана еміреніп, маңайына мейірім шуағын шашып, қуантып жеткен қасиетті Амал мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Тарихи тамырын тереңнен тартқан Амал мейрамы ғасырлар бойғы еңсесі биік елдіктің, байламы сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келді.
Ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Бұған "Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар" деген даналық дәлел.
Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деп дәріптеген өлең жолдары Амал мерекесін суреттейді.
Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың қыспағы мен қиындығынан аман-есен шығып, Наурыз мерекесі алдында халықтың мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Адамның аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, ел мен елдің, жыл мен жылдың көрісіп, халық бір-біріне тілек тілейтін, шапағат шуағына бөлейтін шақ.
Ежелден ел көрісумен ғана шектелмей, адамдар арасындағы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көненің көзі — қарияларға құрмет көрсетіліп, інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісі. Олай болатыны, Амал – елдік, халықтық мейрам. Бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Амал мейрамы – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын таразы. Осындай игілікті сәтте отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.
Той тойға ұлассын, қуанышты күндеріміз көбейе берсін!
Құрметпен,
Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев