Қызылордада екі тұрғын арасындағы жанжал атыспен аяқталды
Қызылордада екі тұрғын арасындағы жанжал атыспен аяқталды.
Оқиға 10 қаңтарда сағат 01:30-да шамасында болған. Көңіл көтеру орындарының бірінде қаланың екі тұрғыны арасында жанжал болған. Кикілжің кезінде олардың бірі екіншісінің иығына травматикалық тапаншамен оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленушіге қалалық ауруханада медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Кезекші тәртіп сақшылары күдікті ретінде бұрын сотталған 24 жастағы азаматты ұстады. Одан дәлелдер алынды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп атап өтті Қызылорда қаласы ПБ Тергеу бөлімінің бастығы Асылбек Бексейітов.