Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Бесарық ауылындағы бөдене фермасының ашылу салтанатына қатысты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа ферманың іске қосылуымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық берген абзал. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», - деген болатын. Өздеріңізге белгілі, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсының Гран-при жүлдесін «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табыс етіп, аймағымыздың мерейі үстем болды. Бұл жүлдені бір кәсіпорынның ғана емес, Сыр жұртшылығының жеңісі, облыстағы барлық кәсіпкерлерге берілген жоғарғы баға деп білеміз. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобаны қолға алып, бөдене фермасын салған кәсіпкер Сәрсенбаев Мұрат Абайұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, «Абай Дәулет» ЖШС күріш, құс, мал өсірумен, тамақ өндірісі және құрылыс материалдарын шығарумен айналысып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Іс-шарада Бесарық ауылдық округінің коғамдық кеңес төрағасы Әкбар Ақжігітов жерлестерін құттықтап, жиналған көпшілікке бата берді. Сондай-ақ, жобаны іске қосуға атсалысқан, ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды.
Ферма жылына 1500 тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Сыйымдылығы - 80000 бас, оның ішінде 40000 бас ет бағытында, 40000 бас жұмыртқа бағытында. Кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 160 адамды жұмыспен қамтиды, жоба құны - 300 млн. теңге.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайызға артып, 70 977 бірлікке жетті. Кәсіпкерлікті қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жобаға қаражат бөлінді. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Оның ішінде Сырдария ауданында 2,5 млрд теңгеге 355 жоба қаржыландырылды.
Облыста алдағы 6 жылда құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Негізінен өндірістік жобаларға басымдық берілген. Биыл 14,1 млрд теңгенің 15 жобасы іске қосылды.