Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Адал еңбек алға апарады

Қармақшы ауданында жылыжай шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Бүгінде мұнда ірілі-ұсақты бірнеше жылыжай бар. Соның бірі – Қармақшы ауылының тумасы Марат Досниязовтың шаңырағында. Мемлекеттік қолдаудың арқасында табыс табуды жөн көрген ол сәуір айында осы кәсіпке ден қойған. Шағын кәсіпкерлікке баса назар аударылған шақта «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша «Даму» қорынан 2 миллион теңге грантты жеңіп алған кәсіп иесі бүгінде жылыжайының көкжиегін кеңейтуде.
Негізінде көкөніс өсіру оңай кәсіп емес. Әрбір өнім мұқият күтімді талап етеді. Жылыжай шаруашылығына енді аяқ басқанмен, көкөніс өсіру кейіпкерімізге таңсық нәрсе емес. Атасының бағбандық қасиеті қанмен келсе керек, бұл істі де қиындықсыз игеріп әкеткен. 6х7 аумақты қамтитын шағын жылыжайда қияр өнім беріп бастаған.
– Әзірге алынған өнім ауыл тұрғындарынан артылып жатқан жоқ. Бұл алғашқы бастамамыз ғой. Бірінші тез өнім беретін қиярдан бастауды жөн көрдік. Алдағы уақытта қызанақ өсіруді де жоспарлап отырмыз. Таңдауымның жылыжай кәсібіне түсуі тегін емес. Бала күнімнен атаммен ере жүріп, бақшаның қыр-сырын меңгердім. Сол көрген-білгенімді бүгінде іске асырудамын. Мұнда тамшылатып суару әдісін пайдаланамын. Себебі бұл әдіс жылыжай үшін өте тиімді. Өнім ерте жиналып, топырақ эрозиясы болмайды, арамшөптер де кедергі келтірмейді, – дейді кәсіп иесі.
Иә, маусымдық бау-бақшаға қарағанда жылыжайдың артық­шылықтары көп. Маусымдық бақшада өнім бір-ақ рет алынса, мұнда жыл бо­йына өнім алуға мүмкіндік бар. Жылыжайда жарық мөлшері, температура, өсімдіктердің ылғалдылығы бір қалыпта болады. Оған қажетті дүниенің бірі – поликарбонаттан жасалған әйнек төбелер. Кәсіп иесі оны арнайы Алматыдан алдырған. Ол күндізгі уақытта жарықтың көп мөлшерін өзіне қабылдап, құрылымның ішіндегі жылуды ұстайды. Ал күн батқан кезде жылу сырттағыдай тез таралмайды, салқын түндерге шыдамайтын өсімдіктердің гүлденуіне мүмкіндік береді. Ал қыс мезгілінде жылыжайды жылыту үшін арнайы пеш салынбақ.
Қай нәрсенің өркендеп дамуы үшін де оған күш салынып, тер төгілуі қажет. Жылыжай сырт көзге оңай кәсіп секілді көрінгенімен, оның да ішкі қыр-сыры, өзіндік машақаты бар. «Жақсы өнім алу үшін тұрақты күтім мен уақытылы тыңайтқыш беріп отыруың қажет. Біз кальций мен фосфор береміз» дейді кәсіпкер сөз арасында.
– Мемлекет кәсіп ашуға мол мүмкіндік беріп отыр. Әрбір адам бұл көмекті пайдаланып табысын арттыра алады. Тек еңбектенуден қашпаса болды. Адал еңбек қашанда алға сүйрейді емес пе? Біз мемлекеттен келген көмекті мүмкіндік деп түсініп, дер кезінде қолға алдық. Алға қойған мақсатымыз үлкен. Орындалу-орындалмауы әуелі Алланың, онан кейін өзіміздің еңбектенуімізге байланысты. Болашақта жылыжай аумағын кеңейтіп, аудан, облысты жергілікті өніммен қамтамасыз етсек дейміз. Ал қиярдың дәмінде жерден алатын өніммен салыстырғанда аса бір айырмашылық жоқ. Тұтынушылар дән риза, – дейді ол.
Иә, ұрпағына адал еңбектің үлгісін көрсетіп, туған өлкеде кәсіптің көкжиегін кеңейтіп отырған кейіпкеріміздің іргелі кәсіпкерге айналуына тілекшіміз. Себебі, жергілікті өнімді жыл бойына жылыжайдан алып отырсақ қалтамызға қонымды, асымызға сенімді болады емес пе? Өңірдің өркендеуіне үлес қосар осындай кәсіпкерлер мол болсын.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: