Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сыр спортының серпіні

Сыр спортының беделі қашан да биік. Киелі топырақтан түлеп ұшқан талай тарлан әлемдік аренада топ жарып, Қазақ елінің абыройын аспандатты. Мемлекеттік қолдау сала жұмысына серпін беріп, жекелеген спортшының жарқырай көрінуіне жол ашты.
Облыс тарихында спорт саңлақтарының есімі алтын әріппен жазылды. Қай кезеңде де өңірде денешынықтыру мен спортты дамытуға өз деңгейінде мән беріліп келеді. Осының нәтижесінде тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға мол мүмкіндік берді.



Қарыштай бер, «Қайсар»!

1968 жылы облыс тарихында айрықша оқиға болды. Облыс орталығынан жаңа стадион бой көтеріп, кәсіби футболшылардан құралған команда құрылды. Стадион сол кездегі сәулет өнері жөнінен жоғары бағасын алды. Облыс басшысы қызметін атқарған Хасан Бектұрғанов қызылордалық клубтың еңсе тіктеп кетуіне барынша қамқорлық танытты. Әуелгіде «Қызылорда» атанған ұжым мамыр мен шілде аралығында «Волна» деген атаумен ел біріншілігінде облыс намысын қорғады. Сол жылдың шілдесі мен 1973 жылдың соңына дейін «Автомобилист» клубы ретінде бәсеке көрігін қыздырды.
Ал 1974-1978 жылдары «Орбита», 1979-1989 жылдары «Мелиоратор» болды. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде команда атауының бірнеше мәрте өзгеруіне оған қаржылай көмек көрсеткен мекеменің ауысуы себеп болған. Тоқсаныншы жылдардан бері «Қайсар» жергілікті жанкүйердің сүйікті клубына айналып, 1999, 2019 жылдары Қазақстан кубогін жеңіп алды.
1987 жылы «Мелиоратор» деп аталатын клуб Кеңес одағы біріншілігінің екінші лигасында тұңғыш рет төртінші орынға көтерілді. Ал 1988 жылы КСРО кубогінде жақсы ойын көрсетіп, жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болды. Белгілі маман Юрий Хакимовтің жетекшілігімен команда алдымен Ресейдің «Геолог» (Тюмень), одан кейін Өзбекстанның «Нефтяник» (Ферғана) клубын орта жолда қалдырды.
Жарыстың келесі сатысында қызылордалық футболшылар Украинаның Харьков қаласының «Металлист» клубымен кездесуге мүмкіндік алды. Украиналық ұжым сол кезеңде КСРО-ның жоғары лигасында бақ сынайтын. Қарсыласымен екі кездесуде де жергілікті ұжым жоғары деңгейде ойын көрсетті. Десе де украиналық команданың жолы болып, жарыстың келесі сатысына шықты. 
Тәуелсіздік жылдарында команда «Қайсар» деген жаңа атауға ие болды. Жергілікті жанкүйерлердің қызығушылығын туғызған талай ойынымен елдің есінде қалды. 1999 жылы Қазақстан кубогінде жеңіске жетіп, соның нәтижесінде Азия кубок иелері кубогінде сынға түсті.
Алғашқыда Тәжікстанның «Ходжа Каримов» клубын өз жерімізде 3:0 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда дәл осы есеппен жеңіліс тапты. Соған қарамастан, Сыр жігіттері ойын соңындағы пенальти тебуден сыр берген жоқ. Жарыстың келесі кезеңінде біздің клубқа Өзбекстанның Наманган қаласының «Навбахор» клубы жолықты. Біздің команда Қызылордада 2:2 есебімен тең ойнап, Наманганда 0:1 есебімен жол берді.
Сарықұрлықтағы айтулы бәсекеде қызылордалық ұжым бір жыл бұрын да сайысқа түскен еді. Ол жолы жерлестеріміз беделді бәсекенің 1/16 финалдық кезеңінде Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласының «Ниса» командасына жол берді. Қызылордалық футболшылар өз алаңында 1:1 есебімен тең түссе, сыртта 0:1 есебімен жеңілді. Соның салдарынан жарысты жалғастырудан шет қалды. Ал 2019 жылы тағы бір мәрте Қазақстан кубогіне ие болған командамыз Еуропа лигасы бәсекесінде Кипрдің АПОЭЛ командасына жол беріп қойды.

Ауыр атлетиканың алтын дәуірі

1963 жылы Сыр өңірінде ауыр атлетика мектебі тұсауын кесті. Бастапқы кезеңде қызылордалық жастар жоғары жетістігімен елді қуанта алған жоқ. Десе де уақыт өте келе оған қызығушылық танытқан өрендердің қатары көбейді. Олардың қатарынан Асқар Меңдияров әлемдік додаларда бақ сынауға мүмкіндік алса, Сергей Родионов 1995 жылы ТМД елдері спартакиадасының қола жүлдегері атанды. Ал 1998 жылы қызылордалық Олег Шин Орта Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді.
Түрлі себептерге байланысты өткен ғасырдың орта тұсында аймақта ауыр атлетика тоқырауға ұшырай бастады. Білікті бапкерлер басқа салаға бет бұрды. Сол бір қиын кезеңде ауыр атлетика тізгінін ұстаған Вилорий Пактың жанкешті еңбегін жоғары бағалау керек. Оның басшылығымен жергілікті жас бапкерлер табанды жұмыстар атқарды. Көп ұзамай ол өз жемісін берді. 1996-2008 жылдары Сыр өңірі елімізде ауыр атлетикадан көш басына шықты. Әлемдік ареналарда жеңіс тұғырынан көрінген жастар шоғыры қалыптасты. Бұл орайда ересектер арасында төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің жөні бөлек. Сонымен қатар, сол кезеңде жарқырап көрінген Қуаныш Рақатов, Роман Русяновский, Жеңіс Алдабергенов, Алмас Өтешов, Александр Зайчиков, Рүстем Сыбай, Дәурен Шаутеев, Әділбек Балқаев сынды атлеттер Әлем және Азия чемпионаттарында топ жарды.

Қол добының құралайлары

Бүгінде еліміздің гандболдан әйелдер құрамасының негізгі бөлігін қызылордалық спортшылар құрайды. Көп жылдан бері бұл жақсы үрдіске айналған. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері жергілікті қыздардан құралған «Сейхун» (қазіргі «Қайсар») ел біріншілігінде талай мәрте топ жарды. Осы орайда тәжірибелі бапкер Вячеслав Кимнің атқарған еңбегін айтпай тұра алмаймыз.
Команда тарихы 1974 жылдан бастау алады. Сол кезеңде Қызылорда педагогикалық институтының жанынан «Буревестник» клубы құрылған еді. Сексенінші жылдары ол тоқырауға ұшырап, өз деңгейінде дами алған жоқ. 1994 жылы жоғары оқу орны жанынан кәсіби деңгейде жаңа клуб тұсауын кесіп, ел біріншілігінде аймақ намысын қорғай бастады. Ал ұлттық құрамаға Ольга Егунова, Гүлнар Меңдібаева, Евгения Николаева, Жанат Айтенова, Әсем Батырбекова, Гүлзира Ысқақова, Гауһар Қарамергенова, Евгения Голованова сынды спортшылар шақырту алды. Олар құраманың Азия чемпионы атануына зор үлес қосып, әлемдік бәсекелерде тәуелсіз еліміздің туын биік көтеруге күш салды.

Велоспорттың шамшырақтары

Ескі деректерге көз салсақ, аймақта көптеген спорт түрі өткен ғасырдың елуінші жылдарында қанатын жая бастады. Мәселен, мына бір мәлімет бізді еріксіз өзіне тарта түсті. Алғаш рет елімізде ресми веложарыс 1922 жылы Ақмешіт қаласында өткен екен. Ендеше, дария бойындағы дүйім ел ерте кезден-ақ спорт саласына қызығушылық танытқанын аңғару қиын емес. Облыс орталығында алғашқы велоспорт мектебі 1962 жылы есік ашқан. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде жергілікті бапкерлер қаншама дарынды ұланның танылуына жол ашты. 1989 жылы Францияда өткен Әлем чемпионатында Марат Сатыбалдиев жер-жаһаннан жиналған жампоздарды артқа қалдырып кетті. Одан бұрын сексенінші жылдардың орта шенінде жастар арасында Әлем чемпионатында Сергей Капустин тәжірибелі қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеді.
Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде облыста велоспорт қайта түледі. Аға буынның жеңісті жолын жалғаған үздіктер де аз емес. Велоспортты шебер меңгерген тағы бір ұланымыз Берік Көпешов 2004 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен Азия чемпионатында үздік үштікке ілікті. Ал 2007 жылы Үндістанда жасөспірімдер арасында құрлықтық додада екі жүлдеге ие болды. Азия чемпионатында трек жарысында жеңімпаз атанды. Халықаралық «Астана» велоклубының жастар құрамында сайыстарға қатысты. Сондай-ақ, жергілікті жанкүйерлер Руслан Досмайылов, Александр Қилыбаев, Николай Иванов, Максим Гурев есімін мақтанышпен айтады.

Балуандар белесі биік

Дзюдо спортында да жергілікті жастар толайым табыстарға кенелді. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде қызылордалық жанкүйерлер Жамал Бозованың жетістігіне жоғары бағасын бергенін ұмыта қойған жоқпыз. Одан беріде Елдос Ихсанғалиев 2005-2006 жылдары Азия біріншілігі мен Азия ойындарында жүлдегер атанды. 2008 жылы жерлесіміз Жанар Жанзұнова ел құрамасы сапында Бейжің Олимпиадасында бақ сынап қайтты. Облыс атынан сынға түскен Ұлан Рысқұл 2009 жылы Әлем кубогында үздік үштіктен көрінді.
Сондай-ақ, еркін күрестен де қоржынымыз бос болған жоқ. 2002 жылы Жасұлан Мұхтарбекұлы жастар арасында Әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Сырдың даңқын асырған саңлақтың бірнеше ел біріншілігінде топ жарғанын айта кеткеніміз абзал. Одан кейінгі жылдары облыс атынан Дәулет Ниязбеков ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 2011 жылы қола, 2019 жылы күміс жүлдегер атанды. Оған қоса жергілікті жанкүйерлер Азамат Шағапұлы, Бекбол Асанханов, Мөлдір Болатбекова мен Салтанат Жүсіпбекова сынды балуандардың есімін жақсы біледі.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен талай жүлде елдің мерейін тасытты. Ол облыста 1966 жылы үйірме есебінде ашылған. Содан бергі уақытта қызылордалық балуандар талай дүбірлі додада жеңімпаздар қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 2008 жылы Ермек Көкетов Әлем және 2008 жылы Азия біріншілігінде үздік үштіктен көрінді. Оған қоса жасөспірімдер арасында құрлықтық додада Ғазиз Сералы чемпион атанса, Рүстем Жүсіпов қола алды. 

Шаршы топтың шеберлері

Кейінгі жылдары аймақ боксының абыройы да асқақтап тұр. Өз шеберлігімен ұлттық құрама капитаны деңгейіне көтерілген Қамшыбек Қоңқабаев бүгінде жас өрендердің үлгі тұтатын спортшысына айналған. Айта кетсек, облыс боксшыларының тегеурінді толқыны қатарында 2002 жылы жастар арасынан Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Самал Бисенов бар. Арада екі жылдай өткенде Нұрбол Мәсенов жастар арасында Азия чемпионы атанса, Әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Одан кейінгі жылдары жастар арасында Әлем және Азия біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінген Асқар Жәнібеков, Бағдат Уайдаев, Еркін Дүйсебаевты мақтанышпен айтамыз. Тағы бір талантты ұланымыз Рустам Сыбаев студенттер арасында Әлем чемпионатында күміс жүлдегер болды.   

Таланттар көзден таса қалмайды

Облыста тоқсаныншы жылдардың аяқ шеніне дейін спорттағы дарынды балаларды тәрбиелейтін арнайы мектеп-интернат жоқ болатын. Ауылдық жерлерден шыққан таланттарды қолдау үшін оның маңызы зор еді. Бұл мәселе жиі қозғалып, тиісті шешімін тапты. 2001 жылы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған спорт интернаты есігін айқара ашты. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол аймақтағы дарынды өрендерді биік белестерге бастайтын алтын ұясына айналды. Алғашқыда агроколледж базасында жұмысын бастаған оқу орны 2003 жылдан бері бұрынғы теміржол мектеп-интернатының базасында қызмет атқарып келеді.
Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы кезеңінде кездескен қиындыққа қарамастан спорт саласында жаңа ғимараттар салу кенже қалған жоқ. 1993 жылы «Динамо» жабық спорт- сауықтыру орны іске қосылса, 2000 жылы «Еуразия» (бұрынғы «Дельфин») кешені қайта жаңғыртылды. Оған қоса «Мелиоратор» спорт кешені, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жаңаша кейіпке енді. Одан бергі жылдары Қызылорда қаласында теннис орталығының құрылысы аяқталып, қысқы спорт түрлеріне арналған «Мұз айдыны» спорт кешені пайдалануға берілді.

Сәулеті сәнді стадион

Биыл сол жағалаудан заманауи талаптарға сай 7 мың орындық стадион құрылысы басталды. Ол облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге аспақшы. Оны салу барысында жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескеріледі. Қазір бұл бағытта тиісті іс-шаралар жасалуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта әмбебап спорт сарайын салу қолға алынады.
2017 жылы кәсіпқой «Қайсар» волейбол клубы құрылған еді.  Биыл облыс әкімінің тікелей қолдауымен аталған спорттан әйелдер командасы ашылып, ел біріншілігінде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Кейінгі бес жылда Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы», «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылды. Ал Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі болып қайта құрылды.
2022 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі келушілерге есігін айқара ашты. Ал №3 велоспорт жөніндегі облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы болып қайта құрылды.  Сонымен қатар, биыл Теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын бастады.
Қайсыбір кезеңде өңірдің спорт саласы еліміз бойынша артта қалып қойған еді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр өңірінде бұл салада қарқынды өсу байқалады. Жаһандық ареналарда атой салып жүрген талай жампоздар Сыр өңірінің абыройын арттырып келеді. Бұл – спорт саласына жасалған қамқорлықтың оң нәтижесі. Алда атқарылатын жұмыстар аз емес. Саңлақтарымыз толайым табысымен елді қуанта береді деген сенімдеміз. 

Жылнама

• 1963 жылы Қызылорда қаласынан №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі құрылған.
• 1968 жылы Қармақшы және Шиелі аудандарынан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылған.
• 1969 жылы Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласынан және Тасбөгет кенттерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Ғ. Мұратбаев атындағы стадион құрылған.
• 1970 жылы Жаңақорған ауданынан балалар мен жасөспірімдер мектебі құрылған.
• 1971 жылы Жалағаш ауданынан балалар мен жасөспірімдер мектебі ашылған.
• 1975 жылы Түгіскен ауылынан балалар мен жасөспірмдер мектебі құрылған.
• 1998 жылы Қызылорда қаласынан және Қазалы ауданынан  №2 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі мен №17 қазалы ауданының балалар мен жасөспірімдер мектебінің негізі қаланды.
• 2001 жылы Қызылорда қаласынан Ж.Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат құрылды.
• 2004 жылы Қызылорда қаласынан облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған жеңіл атлетика мектебі ашылды.
• 2005 жылы Шиелі және Қармақшы аудандарынан балалар мен жасөспірімдер мектептері құрылған.
• 2007 жылы Қызылорда қаласынан балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол мектебі құрылған.
• 2008 жылы Сексеуіл кентінен балалар мен жасөспірімдер мектебі құрылған.
• 2010 жылы Қызылорда қаласынан жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылды.
• 2013 жылы Қызылорда қаласында қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында «Мұз айдыны» спорт кешені пайдалануға берілсе «Сырдария» кәсіпқой көгалдағы хоккей спорт клубы құрылды.
• 2016 жылы ҚР бокс федерациясының қолдауымен облыста боксты дамыту мақсатында «Тарлан» спорт кешені пайдалануға берілді.
• 2017 жылы кәсіпқой «Қайсар» волейбол клубы  құрылып, жұмыс жасаса, 2023 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен клубымызда әйелдер командасы  құырылып, облыс атынан республикалық жарыстарға қатысады.
• 2018 жылы Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты   түрлері бойынша спорт клубы»
• 2019  жылы  «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылды. Ж. Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп – интернат – колледжі болып қайта құрылды.
• 2022 жылы Ғ. Мұратбаев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрылса, №3 велоспорт жөніндегі облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы болып қайта құрылды.
• Сонымен қатар, 2023 жылы Теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: