Қармақшы ауданының Ақжар ауылы таланттарға бай. Өнерде де, спортта да қаншама дарынды жастар сан алуан додаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың арасында әлі күнге дейін күрестен қол үзбей, жанына серік еткен азаматтар бар. Ағайынды Әбу-Дастан мен Дәулет Зиналиев, Насреддин Айтымов бала кезінен балуандық өнердің қыр-сырына қанығып өсті. Кезінде бозкілем үстінде қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, тілеулес елдің мерейін тасытты. Бүгінде жас та болса ауыр атлетикадан жаһандық жарыста жеңімпаз атанған Ерасыл Сәулебековтің аталары да Ақжар топырағынан шыққан.
Бүгінде қырық жастың қырқасына шыққан жігіттер сонау бір кездегі алаңсыз балалық шағын жиі еске алады. Ауыл топырағында асыр салып ойнап жүрген балаларға күрестің әліппесін үйреткен азаматтар бар. Солардың бірі – даңқты балуан әрі бапкер Хайдар Қарпықов Әбу-Дастан мен Дәулет секілді өрендерге өнеге көрсетті. Ағалық ақылын аямаған тағы бір белгілі бапкер Әділбек Серікбаев кезінде Сыр өңірінде қаншама балуанды тәрбиелеп шығарғаны белгілі. Алматыдан оқу бітіріп, туған топырақта табан аудармастан талантты жастарды тәрбиелеп өсірген Мұқанай Таубаевты да шәкірттері жоғары бағалайды.
– Өмір жолымда дұрыс таңдау жасауыма бапкерлік жасаған ағаларым көп көмегін тигізді. Бала кезімізден жат қылықтан бойымызды аулақ ұстап, күрес тәсілдерін үйренуге күш салдық. Жарыстарда топ жарғанымыз – сол еселі еңбектің нәтижесі. Қазір өзіміз де жастарға тәлім беріп жүрміз. Қолдан келгенше олардың табысқа кенелуіне жағдай жасап жүрген жайымыз бар. Өзім туып-өскен Ақжар ауылынан ізімізді басқан жастардың алар асуы алда деп білемін, – дейді Әбу-Дастан.
Кезінде бозкілемнің шаңын қаққан Әбу-Дастан күрестің бірнеше түрінен республикалық турнирлерде топ жарды. Әрбір додаға тыңғылықты дайындалып, еркін күрес, дзюдо, самбо, қазақ күресінен қарсылас шақ келтірген жоқ. Қырық жастың қырқасына шықса да, әлі сол бабында. Биыл мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен «Түйе балуан» республикалық турнирінде жүлдегер атанды. Былтыр желтоқсан айында Мәскеу қаласында болған Ресей ашық кубогінде дзюдодан жеңіс тұғырынан көрінді. Ал биыл маусым айында Астана қаласында болған самбодан «Азия және Мұхит елдері» чемпионатында жүлделі орынның бірін иеленді. Сондай-ақ, ол Болгарияның Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасында өткен Әлем чемпионатында, Грекияның Лутраки қаласындағы грэпплинг күресінен жеңімпаз болды.
Әбу-Дастанның інісі Дәулет те құралақан емес. Еркін күрес, дзюдо, самбодан республикалық турнирлерде бірнеше дүркін жеңімпаз және жүлдегер болды. Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен Ресей ашық кубогінде екінші орын алды. Астана қаласында болған самбодан «Азия және Мұхит елдері» чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Болгарияның Варна қаласындағы жауынгерлік күрестен ерлер арасында Әлем чемпионы атанды.
Бүгінде ағайындылар Алматы қаласында «Кете Прайд» спорт клубын ашып, қаншама дарынды жасқа тәлім беріп жүр. Спорт кешені әкесі Зиналидің бастамасымен бой көтерді. Оған Әбу-Дастан мен Дәулет қолдау білдіріп, игілікті істі қолға алды. Қазір кешенде бапкер Төлеген Сұлтановтың жетекшілігімен еркін күрес, самбо, дзюдо, қазақша күрес үйірмелері жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, мұнда жас өрендер грэпплинг, джиу-джитсу, теннис, гимнастика, таэквондо, бокс, футбол және басқа да спорт түрлерінен тәлім алады.
Дәулет кәсіпкерлікпен айналысады. Спорт клубын ұйымдастыру, шаруашылық жұмыстары мен басқа да тірліктерінің басы-қасында жүреді. Солай болса да, үнемі өзінің жаны қалап тұратын спорттан қол үзген емес.
Ақжардан шыққан тағы бір Әлем чемпионының аты-жөні – Насреддин Айтымов. Бала кезінен балуандық өнерге бауыр басқан жігіт еркін күрестің әліппесін Мұқанай Таубаевтан үйренді. Оқушы кезінен сан алуан сайыста жеңімпаз болған ол сол дағдысынан студент кезінде де ажыраған емес. Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетті. Еңбекқорлық қасиетінің арқасында дзюдо, самбо, қазақ күресінен республикалық турнирлерде бірнеше дүркін топ жарса, кейбірінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Насреддин де былтыр дзюдодан Ресей ашық кубогінде үздік үштікте болды. Сол жылы Біріккен Араб Әмірлігінде дзюдо күресінен Әлем чемпионы атанды. Негізгі жұмысымен қатар спортпен айналысуға үнемі уақыт табады.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанған Ерасыл Сәулебеков – Ақжар ауылының мақтанышы. Ол Мексика жерінде алтыннан алқа тағып, көк туымызды көкке көтерді. Әлем чемпионатында 67 келі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруден 123, серпе көтеруден 158 келіні, нәтижесінде қоссайыста 281 келіні бағындырды.
Алақандай ауылдан төрт Әлем чемпионының шыққаны – өзге жұртқа өнеге. Ерасылдан басқа үшеуі бүгінде Алматы қаласында тұрғанымен, әлі күнге дейін туған топыраққа жиі ат басын бұрады. Жас өрендерге ағалық ақылын айтып, спортпен дос болуға шақырады.