Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы жұмыс сапары екінші күні жалғасты. Бүгін өңір басшысы апаттық деп танылған «Толқын» балабақшасының жағдайымен танысты. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкіміне бұл мәселенің шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.
Мұнан кейін, облыс әкімі жазушы Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде болып, оқушылар үйінің құрылыс және 2018 жылы пайдалануға берілген ауданаралық орталық ауруханасынының (150 орынға лайықталған) жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімінің төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті. Онда Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар көрсеткіштердің төмендегенін айтты.
"Ауданда өнеркәсіп өндірісі 5,5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 7,5 пайызға, кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш 2 пайызға төмендеген. Тек ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі 2 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 48,9 пайызға өскен. Бірақ, бұл нәтижелер көңілге қонымды емес, себебі, экономиканың негізгі көрсеткіштері төмен",- деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Арал ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржыға 16 жоба іске асуда. Оның ішінде Арал қаласының жолдарын орташа жөндеу, аудандық маңызы бар автомобиль жолының құрылысын, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу, орталық көшелерді абаттандыруға, Арал қаласындағы ауылішілік көшелерге газ құбыры жүйелерін жеткізу секілді ірі жобалар қарастырылған. Өңір басшысы "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.
Мұнан соң облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» зауытымен және аталмыш мекеменің кальцилендірілген сода шығару инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «С» және «Д» санатты жол бойы сервис кешені мен Қамбаш ауылындағы олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысты.
Аманөткел ауылы тұрғындарының өзекті мәселелері Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірдің қызметі. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі М.Оразбаев пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеумбетовке өткелдің жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Жаңақұрылыс ауылындағы №74 орта мектебіне барды.
Облыс әкімінің Арал ауданына жұмыс сапары осымен аяқталды.
Ары қарай аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласына барады деп жоспарлануда.