Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен кездесті.
Еске салсақ, Қамшыбек Ханчжоу (Қытай) қаласында өткен ХІХ Жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алған еді.
Аймақ басшысы боксшының дайындық барысы туралы сұрап, алдағы дүбірлі додадан жеңіспен оралуына тілектестік білдірді.
«Қамшыбек, біз сені мақтан тұтамыз! Бүгінгі жеткен биігің – жастайыңнан осы спорт түрін таңдап, табандылық танытқан қажырлы еңбектің нәтижесі, ата-анаң, жанкүйерлердің тілегі мен батасының арқасында деп білеміз. Әрбір сырбойылық спортшының жетістігіне қуанамын. Ел спортының мәртебесін асқақтатып, халықтың рухын көтерген жеңіс үшін барша Сыр жұртшылығының атынан алғыс білдіреміз.
Олимпиада ойындарына қатысып, жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Бұл – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Чемпиондарымызға қарап, мыңдаған жастың спортқа деген құлшынысы артады. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – елдің ыстық ықыласы мен тілегін жеткізу. Арқа сүйейтін, тілеуіңді тілейтін қалың еліңнің, жерлестеріңнің атынан өзіңді қолдау әрі ынталандыру үшін арнайы сый-сияпат жасап, баспана кілтін табыстауды жөн көрдік», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде спортшы Олимп шыңын бағындыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Кездесу соңында облыс әкімі өңір халқының атынан Қамшыбекке пәтер кілтін табыстады.
Аймақ спортшылары жыл басынан бері Әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктерінен 61 медаль жеңіп алды. Әзірге қызылордалық спортшылар қоржынында Париж олимпиадасының 7 жолдамасы бар. Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, дзюдодан Абылайхан Жұбаназар мен Шархан Нұрлыхан ел намысын қорғамақ. Отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшымыз Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов ел құрамасы сапында Паралимпиадаға жолдама алса, пара жеңіл атлетикадан Еламан Жоламан, парапауэрлифтингтен Станислав Шакиев айтулы жарысқа қатысуға мүмкіндік иеленді. Парадзюдодан да үміткерлер бар.
Қамшыбек Қоңқабаев – бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Әлем чемпионатының жеңімпазы, күміс жүлдегері (2014, 2017 ж.), Азия чемпионатының 4 дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021, 2022 ж.), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2021 ж.), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2023 ж.). Алда Париж (Франция) қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына барады. Бапкері – бокстан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейітжан Төкенов.
Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өз мансабындағы екінші Олимпиадасына қатысады. Ол Токио ойындарында қола жүлде иеленген болатын. Оның ендігі мақсаты – өз нәтижесін жақсарту. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Қоңқабаев аса ауыр салмақ бақ сынайды. Оның ең басты қарсыласы – өзбекстандық Баходир Жалолов. Өзбек боксшысы Қамшыбектің әккі әрі тәжірибелі қарсыласы. Себебі, соңғы кездесулер түгелдей Жалоловтың жеңісімен аяқталып жүр.
Екі боксшының арасындағы соңғы финал Ханчжоудағы Азия ойындарында өтті. Сол кезде де Баходирдің бабы мен бағы қатар шапты. Парижге ол екінші Олимпиада алтыны үшін бармақ. Өйткені, соңғы Токио Олимпиадасының жеңімпазы да сол Жалолов әрі ол осы салмақтың басты фавориті саналады.
Ұлыбританиялық Делишес Ори де маңызды қарсыластар қатарында. Ол әлемдік деңгейде әлі таныла қойған жоқ. Бірақ былтыр өткен Еуропа ойындарында топ жарды. Сондай-ақ, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ори күтпеген жерден тиімді шешім қабылдайтын, түрлі әдістерге бай боксшы.
Германиялық Нельви Тиафак та қауіпті боксшылардың бірі. Көпшілік Токио Олимпиадасында Тиафак алға озады деп сенген. Бірақ Нельви карантин салдарынан бабына ене алмай, Олимпиададан сырт қалды. Енді ол өз мақсатын орындау үшін барын салары анық. 2022 жылғы Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2019, 2023).
Негізі, бұл дивизионда атағынан ат үркетін боксшылар аз. Испандық Айюба Гадфаны атап өтуге болады. Ол 2023 жылғы ӘЧ қола жүлдегері. Тиафак секілді, ол да Токиоға бара алмай, Парижге іріктеуден өтті. Айюб екінші әлемдік іріктеуде лицензия алды. Биыл ол Еуропа чемпионы атанған.
Бразилиялық Абнер Тейшер де қарымды спортшы. Токио ойындарының қола жүлдегері. Бірақ 91 келіде жүлде алды. Бүгінде ол салмақ ауыстырып, түрлі халықаралық сында бақ сынады.
Жалпы алғанда, Қоңқабаевтың дивизоны айтарлықтай қарымды емес. Бәрі сәтімен болса, ол финалға дейін жетуі керек. Өйткені, оның деңгейі көптеген қарсыласынан әлдеқайда жоғары. Қамшыбектің екінші Олимпиада медалін алатын мүмкіндігі жоғары. Тіпті, алтынға таласатын әлеуеті де жеткілікті.