Арал ауданының әкімі Абзал Сансызбайұлының есепті кездесуі Аралқұм, Қамыстыбас, Ақирек және Жетес би ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Елі еңбекшіл ауыл халқы бүгінде тірліктің көзін тауып, берекелі күн кешіп отыр. Алдымен ауыл әкімдері мен жергілікті учаскелік полиция қызметкері жыл көлемінде атқарған шаралары төңірегінде есеп берген соң аудан әкімі Абзал Сансызбайұлы өткен жылдың жаңалығымен ауыл халқын таныстырып, баяндама жасады.
2015 жылы Арал ауданының халқы үшін берекелі жыл болды. Әр салада тұрақты өсім қалыптасып, өнім өндіру көлемі де бірнеше есеге артты. Егін шаруашылығына аса мән беріліп 2015 жылы 253 гектар егін егілген. Сонымен қатар, көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі Сексеуіл және Бекбауыл стансаларындағы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның теңгерімінде болған әуе электр желілерін жергілікті деңгейге беруге келісімдер алынып, тиісті бұйрық жобасы әзірленді. «Қамыстыбас-Арал» демалыс аймағын құру жұмыстары да өз нәтижесін беріп отыр. Жазғы демалыс маусымында «Қамбаш» көлінің жағасына келушілер саны 70 мыңнан астам адамды құрады. Бұдан өзге де ауданда атқарылған ауқымды шаралар жетерлік.
Есептік кездесу келген ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар ауданда атқарылған шараларға оң бағасын берді. Келер жылдың да несібесі мол болсын деп тілектерін білдірді.