Соңғы кездері «Қызылорда қаласының ажары ашылып, көркіне көрік қосылыпты» деген сөзді жиі еститін болдық. Расында солай. Жаңа зәулім әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер салынды, сәулетті мәдени және спорт нысандары бой көтерді. Шүкір. Құрылыс бар, жұмыс бар, көркею бар...
Осыдан 10 жыл бұрын Алматыдан келген группаластарыма қаламның қандай жерін көрсетерімді білмей, қатты қысылғаным бар. Сонда құрдастарым "Қазақстандағы ең үлкен ауылды көрдік" деп "прикол ұстап" кеткен еді. Қазір бәрі басқаша, сүйікті қаламның ажары кіріп, адам танымастай өзгерген. Кеше жақын танысымды қаланы аралаттым (суретте). "Қызылорда әдемі екен ғой" дейді өз көзіне өзі сенбей)). Әсіресе, қалаға біраз жыл бойы ат ізін салмаған достарымның көздеріне шаһардың келбетінен ә дегеннен ұлттық реңк, ұлттық бояу оттай басылады. «Қорқыт ата» әуежайынан бастап жол бойынан, қала ішінен Сыр елінің тарихын, өнерін, мәдениетін, рухани құндылықтарын, ұлы тұлғаларын насихаттайтын жарнамаларды байқайды. Көше жағалай қойылған көшпенділердің керуені, жүзіктер, бәйге, қыз қуу бейнеленген ескерткіштер де көзінің жауын алады.
Шынында, ежелден ұлттың ұясы саналған Сырдың бас қаласындағы өткенімен үндесіп жатқан осы бастамаға сырттан келген қазақтардың да ризалық білдіріп жатқаны қуантады. Рухын оятып, еңсесін биік етеді.
Ол ол ма, бірер жылда Сырдың сол жағалауында жаңа қала қанат жаяды. Ал оның сәулетінде ұлттық нақышқа басымдық беріледі екен. Мұның ұрпақ тәрбиесінде идеологиялық маңызы бар. Яғни Сыр бойындағы тарихи қалалармен – ескімен рухани үндесетін шаһар – түп тамырымызды насихаттаудың үлгісіне айналады. Сонымен бірге, сол жағалаудағы қаланың құрылыс кешендері «қазақ архитектурасы», «қазақ қаласы» деген ұлттық ұғымдарды қалыптастыратын болады. Қазақылықтың иісі шығатын қала мен Қорқыт бабаның киесіне тамсанып, туристер келеді, оған сенем. Сондықтан, көр де тұр, Отанымыздың патриоттары Қызылордаға көшіп келетін болады. Сол кезде бірінші болып менің қайынжұртым ))) Астана мен Алматыны қойып, Қызылордаға келетін шығар))).
Тағы бір айтатыным, бұған дейін 6 жыл бойы Алматы, Астана, Ақтау қалаларында тұрып жұмыс істегенмін. О жақтарда пәтер ақыдан бөлек, жүріс-тұрысың мен ішіп-жеуіңнің өзі қалтаңды қағып түсіреді. Комуслугаң ұшынып тұр. Ал Қызылордада салыстырмалы түрде айтсақ, әлдеқайда арзаншылық. Соған көзім жетті.
ПыСы: Дауыс беруге қатысқан, Қызылорданы он жыл бойы көрмеген 400-500 адамның шешіміне бола, босқа қылғынып, терлемейік...