Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазалы аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді.
Кеңес отырысына Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдері, мекеме-кәсіпорын басшылары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен ірі шаруа қожалықтарының басшылары, жергілікті тұрғындар барлығы 250 адам қатысты.
Кеңес отырысын ашқан кеңес төрағасы І.Тілеп күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты мәселе қаралатынын айтып, бүгінгі Қоғамдық кеңес отырысын өткізудегі негізгі мақсат – халықпен тілдесу, осы мәселеге байланысты ой- пікірлерін білу, еліміздің экономикалық дамуын, Жер реформасының маңыздылығын түсіндіру арқылы ұсыныстарды жинақтап, республикалық комиссияның қарауына ұсыну екендігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай аудандық жер қатыстары бөлімінің басшысы Жанұзақ Ардақ Баспақбайұлының хабарлама жасады.
Хабарламашыдан соң ұсыныс-пікірге кезек беріліп, Жер кодексінің нормаларына өзгерістер енгізуге қатысты мәселелерді елеп-екшеп, нақты талап-тілегін айтқандар аз болған жоқ.
Алғашқы болып сөз алған «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты М.Өтеев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мен озық технологиялар енгізу қажеттігін, жерді 10 жыл мерзімге ғана тек қазақтандық азаматтарға жалға берілу керектігін айтты.
Бұдан кейін шығып сөйлегендер еңбек ардагері, аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері Б.Рыстығұл, Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қ.Ысқақ та жерді тек қазақстандықтарға ғана 10 жыл мерзімге жалға беруге болатындығы туралы ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері Н.Мұратбаев, С.Жақып, «Ібайдуллаев» шаруа қожалығының директоры Ш.Ібайдуллаев та жоғарыдағы ұсынысты қолдайтықтарын жеткізді.