Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жас өркенді білімге жетелеген

Адам өмірінде тындырған ісімен көптің есінде қалады. Мақұлбек ағайды жұртшылықтың әлі күнге дейін ұмытпайтыны ол мұғалімдерді, оқушыларды жеке-жеке терең зерттейтін. Кімнің қандай маман иесі болатынын ерте болжайтын. Жаңа келген мұғалімдерге методикалық әдісті өз сабағы арқылы үйрететін. Жұмыс жасауына еркіндік беретін.

Мұғалімді сабағы арқылы бағалайтын. Магнитофон арқылы өзінің және басқалардың сабағын жазып алып, мұғалімдерге сөйлеу мәнерін, оқушымен қарым-қатынас жасауды тыңдататын. Ата-аналар жиналысын тоқсан сайын өткізетін. Тәрбие жайында лекциялар, әңгімелер тыңдалып, қорытынды жасалатын. Соңынан ата-аналарға концерт қойылатын. Өзі жас шағында мектептің көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған.
Мақұлбек Рүстемов 1929 жылы «Ортақшыл» ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепте оқып, бітіргеннен кейін Қызылордадағы педагогикалық училищеге түседі. «Ортақшыл», Абай мектептерінде еңбек еткен, кейін өз мектебіне қайта келіп қызмет жасады. 1959 жылдан «Жөлек» мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Ол кезде мектеп директоры Алексей Кузнецов еді.
1968-1986 жылдары мектеп директоры болып қызмет атқарды. Білімі мен парасаты жоғары жан болатын. Ерекшелігі – қатарластарынан көп ілгері болуы, білімге ұмтылуы, халыққа қалтқысыз қызмет етуі. 1987 жылы 1 қаңтарда 58 жасында өмірден озды. Өкініштісі, еңбегінің зейнетін көре алмады. Дегенмен ұлан-ғайыр іс бітірді. Ізін жалғастырар жүздеген шәкірттері, ұлағатты ұрпағының болуы көңілге медет.
Ол аса талапшыл, жаңашыл, білімділігі арқасында мектепті аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошағы етті. Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, «Жөлек» ауылдық округінің депутаты және «Жөлек» ауылдық кеңесі шешімімен «Үздік жыл адамы» атанды. «Ауылдың Құрметті азаматы» атағы берілді.
Оның кісілігімен қатар көрегенділігі, әдептілігі, алғырлығы, қызметтегі қаталдығы көпке үлгі болатын. Елге қадірлі еді. Ұстаз бен шәкірт ретіндегі қарым-қатынасымыз өте жақын болды.
Сөйлеу мәдениетінде де, жазуда да қазақ тілінің қадір-қасиетін, күшін, құдіретін меңгерген басшы болды. Мектепке, қоғамға, елге, заманына беретінін берген, еңбегі жанған, Қыдыр қарап, бақ дарыған бақытты ұстаз еді.
Қанша жыл ауырып жүрсе де, өз ақылымен, сонан соң Құдай қосқан жары Айымжан апамыздың қолдауымен ауруын жеңді.
Қай жағынан қарасаң да терең, тұңғиық, өте күрделі тұлға екенін білетіндердің бәрі мойындайтын. Бойындағы жақсы қасиеті бірді-екілі көрген адамға байқала бермейді. Қыр-сырын тереңде бүгіп ұстайтын. Оны бағалау үшін ақыл-парасат, терең түсіну үшін жұмыста, тұрмыста, қуанышта, қайғыда, ашу үстінде, дастарханда, туыстар арасында көру керек. Жақсы жұмысқа қуанатын, болмайды, орындалмайды дегенді түсінген жоқ. Кадрларды тани білді, іздеді, тапты.  Оларды тыңдап, тәрбиеледі. Жастарды қолдап, қорғай білді, сақтап, өсірді. Ұжымдастар дастарханын гүлдендіріп отыратын. Өзі демалатын, өзгелерді де демалдырып көңілдерін көтеріп, ән салдыратын.
Ертеңгі жұмысқа тәртібі қатал еді. Дегенде ірілігі мен кішілігі жарасқан, адал несібе жазған адам еді. Мақұлбек ағаның дастарханы ең жақын достарына, ағайын-туыстарына, өзі оқытқан, құрметтейтін шәкірттеріне, қадір тұтқан аға-інілерге жайылатын. Ұстазым, сынып жетекшім болған жанның өнегелі өмір жолынан осылайша сыр шерттім.
– Марапатты ұстаздың алары анық,
Шәкірттері алып жатса сара бағыт,
Мақұлбек – білікті, қатал ұстаз,
Тұрады көңілімде дараланып.
Жеткіздің жас өркенді таңға бәрін,
Көз алдымда химияны талдағаның.
Шалқар теңіз шабытты біліміңе,
Қайран ұстаз, қазір де таңғаламын.
Күн де батады, жұлдыз да сөнеді, гүл де солады. Табиғаттың қатал заңы, адам да өмірден өтеді. Бірақ қадірлі ұстаздың өнегесі ұмытылмайды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: