Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жастар жұмыссыздығын азайту және оларды әлеуметтендіру тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы өтті.
Халықаралық жастар күні қарсаңында «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі аясында ұйымдастырылған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аталған бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, аймақта жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған жұмыстар мен жаңа жобалар жалғасатынын жеткізді.
Іс-шарада Қызылорда қалалық «Мансап» орталығы, «AMANAT» партиясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Аграрлық несие корпорациясы», «Отбасы банк», «Halyk bank» АҚ Қызылорда облыстық филиалдарының, Жастар денсаулығы орталығының мамандары өз салалары бойынша бағыт-бағдар, кеңес берді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 40-қа жуық жергілікті жұмыс беруші мекеме өкілдері, 3 жоғары оқу орны мен 10 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымының қабылдау комиссиялары қатысты.
Жастарға 36 мекемеден 222 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 136 жұмыс іздеуші қатысып, 48-і жолдама алды.
Іс-шара соңындағы спорттық сайыстар мен мерекелік концертте жастар белсенділік танытты.
Айта кету керек, өңірде аймақ басшысының тікелей қолдауымен жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді.
Облыста алғаш рет «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, 60 жас отбасы жаңа пәтер иеленсе, 40 отбасы жыл соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
Бұдан бөлек, жылдағы дәстүр бойынша мектеп бітіруші түлектерге
2024-2025 оқу жылына облыс әкімінің 100 оқу гранты тағайындалды.
Мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 3,7 млрд. теңге болатын жас кәсіпкерлердің 130 жобасы субсидияланды.
Сондай-ақ, 2,1 млрд. теңгеге жас кәсіпкерлердің 115 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалды.
"Аграрлық несие корпорациясы" арқылы 48 жоба қаржыландырылды.
Алдағы уақытта «Мүмкіндіктер алаңы» жобасы қала, аудандарда тұрақты түрде ұйымдастырылады.