«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының өңірлік өкілдігі «Жұмысшы мамандықтар жылына орай» 15-тен аса маңызды Ұсыныстарын жариялады.
![]()
«Достық Үйінде» «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қызылорда облысында еңбек ресурстарын кәсіби даярлаудағы өзекті сұрақтар мен түйіткілді мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті.
Шараға - Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, қоғамдық даму басқармасы, білім басқармасы, «Мансап» орталығының сала басшылары, жұмысшы мамандарын даярлайтын колледж директорлары мен кәсіпорын басшылары, Азаматтық альянсы Қауымдастығы мүшелері болып табылатын қоғамдық ұйымдар басшылары, қор жақтастары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында «Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу жөніндегі» республикалық іс-шаралар жоспарының аймақта ұйымдастырылу барысы, қор өкілдігінің колледж оқытушылары мен студенттері, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуінде айтылған ұсыныс-пікірлері, облыстың «Мамандықтар атласы картасын» әзірлеу, қоғамдық ұйымдар әлеуетін атаулы жылды атап өтуде пайдалану секілді аса маңызды мәселелер қаралды.
Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Есенбаев Бекжан Шахизатұлы Қызылорда облысында еңбек ресурстарын кәсіби даярлау барысы туралы, Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ахметова Ақерке Жалғасбекқызы өңірдің еңбек ресурстарына қажеттілігі туралы мәселені қозғаса, қоғамдық даму басқармасы бөлім басшысы Мықбасов Нұркен Ғабитұлы «Жұмысшы мамандықтар жылы іс-шаралары: маңызы, нәтижелері» туралы ақпаратпен бөлісті.
Колледж басшылары Жұмысшы мамандықтар жылының оқу орындарының базасын жақсартуға, студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттыруға маңыздылығымен ерекшеленеді десе, кәсіпорын басшылары Еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға қатысты облыстық шаралар ұйымдастыру қажеттілігіне тоқталды.
Дөңгелек үстел ұсынымдары облыс әкіміне жолданатын болады.
Қызылорда облысында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жақтастар саны бүгінде 800-ге жетті. Олардың азаматтық ұстанымдары қордың Манифестінде айтылған әрбір өзекті мәселелермен үндесіп, осы бағытта бірлесе жұмыс жасауға ниеттенген белсенділер. Бүгінгі дөңгелек үстел отырысында қор жақтастары өз ойларын бір арнаға тоғыстырып, Жұмысшы мамандықтар жылында қарапайым жұмысшылардың түйіткілді мәселелерін ең алдымен шешуді қарастыру бойынша қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарылатын Ұсынымдарын қабылдады.
«ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫН КӘСІБИ ДАЯРЛАУДАҒЫ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР МЕН ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ОТЫРЫСЫ ҰСЫНЫМДАРЫ
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.
Бұл ретте елімізде бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді.
Сонымен қатар өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шетелде машықтануға мүмкіндік алады.
Осы ретте, «Әділдік және өркендеу» қорының өңірлік өкілдігі «Жұмысшы мамандықтар жылына орай» ұйымдастырылған 20 кездесу, 2 сараптамалық сессия, жақтастар форумы, қоғамдық қабылдау шаралары барысында жинақталған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, келесі ҰСЫНЫМДАРДЫ облыс әкімдігіне жолдайды:
• Колледж оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен қоғамдық қабылдауларды жұмыс беруші компанияларда, кәсіпорындарда ұйымдастыру, нәтижесімен, жұмысшы мамандықтар даярлайтын колледждер базаларында «Жұмысшы мамандық: бүгін мен ертең» тақырыбында дебаттық турнилер ұйымдастыру;
. Барлық колледж жанынан «Мансап және кәсіби бағдар беру» орталықтарын құрып, жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстар жинау;
. Жұмысшы мамандарды даярлайтын колледж студенттерінің практикалық сабақтары міндетті түрде кәсіпорындар мен компанияларда, бизнес құрылымдарының базасында толық өтуін қолға алу және ол мекемелердегі тәлімгерлерге қосымша жалақы қарастыру бойынша Үкіметке ұсыныс беру, практикадан өту барасында сол мекеме базасында тәлімгерімен бірге түрлі шеберлік сабақтарын, байқаулар мен оқыту семинарларын ұйымдастыруды жолға қою;
. Аймақтың кәсіпорындары, ірі және орта, шағын бизнестердің кадр бөлімі мамандары арасында сауалнама жүргізу арқылы өңірге қажетті мамандар атласы картасы сайтын жасау, ол сайтқа бос жұмыс орындары тізімін, жұмыс беруші туралы толық мәлімет, резюме тіркейтін орнын міндетті түрде қарастыру қажет;
. Жұмысшы мамандығын бітірген түлектерді өз мамандығы бойынша жұмысқа алған кәсіпорындарға мемлекет тарапынан субсидия бөлу мүмкіндігін қарастыру жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдау;
. Маусымдық жастар еңбек жасақтарының жұмысы «Жасыл ел» төңірегінде емес, нақты кәсіпорындарға қаржы бөлініп әлеуметтік қызмет аясында ұйымдастырылуын қолға алу;
. Кәсіпкерлер палатасы жанында орта және шағын кәсіпкерлік нысаны құрылтайшыларына арналған жұмыскерлердің Еңбек заңнамасының сақталуына қатысты ақпараттық – түсіндірме жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастыру;
. Облыс аудандарында орналасқан колледж студенттерінің Қызылорда қаласындағы колледж базаларымен танысып, өзара кәсіби шеберлік байқауларына қатысып, Жастар ресурстық орталығында дебаттық турнирлер, интеллектуалдық ойындар ұйымдастырып қатыстыру, кәсіпорындармен таныстыру, тақырыптық экскурсиялар мен көрмелермен танысу бағытындағы шараларды ұйымдастыру;
. Аймақтағы жұмысшы мамандармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдау, разрядтары, жұмыс өтілі бойынша сатылап жалақыларын көтеру мәселесін қарастыру, жұмыс орындарын қысқартуды болдырмау жөнінде Үкіметке ұсыныс беру;
. Жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша қоғамдық ұйымдардың әлеуетін пайдалану бойынша нақты шаралар қабылдау, әлеуметтік жобалардың жүргізілуін қарастыру;
. Коммуналдық мекемелердің жұмысшыларын коммуналдық төлемдерді жеңілдікпен төлеуін қарастыру, демалыс орындарына жолдама беру мәселесін қарастыру;
. Жылу электр орталығының жұмысшы мамандарына маусымдық жұмысшылар статусын беру мәселесін көтеру, жұмыс жасамайтын 6 айда уақытша жұмыссыз ретінде мемлекеттен әлеуметтік төлем қарастырылуын қолға алу;
. Жастар ресурстық орталығы базасында колледж студенттеріне арналған үйірмелер ұйымдастыру;
. Еңбек мобильділігі орталығы «Мансап» орталығымен бірлесе колледждерде «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелерін өткізуді қолға алсын;
. «Әділдік және өркендеу» қорының Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы төл бастамасының бірі «Еңбек даңқы» онлайн-кітабына (Бұл адал еңбекпен отбасын асырап, ел экономикасын еселеуге үлес қосып жүрген жақындарымыздың есімі жазылатын естелік кітабы) барлық мекемелерден ұсыныс жолдануын қамтамасыз ету.