Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жаңашыл ұстаздың жетістігі

Біздің қоғамда білімнің шырағын жаққан жандар кез келген құрметке лайық. Баланы білім нәрімен сусындатып, бойына  құндылықтарды дарытатын  ұстазға артылар жүк салмақты.

Мәртебелі мамандықты таңдап, талай шәкіртті білімге баулыған Алмас Мұстақұлов Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылының тумасы.  Ол бала күнінен білімге құштар әрі зерек болды. Қазақы тәлім-тәрбиенің тал бесігінде тербелген қағылез бала кітап оқуға құмар еді. Мектеп қабырғасында да үздік оқушы атанды. Арманы асқақ бозбала мектептен соң Қызылорда гуманитарлық университетін, одан кейін «Болашақ» университетін тәмамдады.
Еңбек жолын қаладағы №15 мектеп-лицейінде мұғалім болып бастады. Білікті жастың талабын байқаған тәжірибелі мамандар қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Осылайша  ұстаздықтың  жауапкершілігі зор екенін,  балаға қандай білім берсең, ол оны азық ететінін түсінді. Сол себепті әр сабағына аса ұқыптылықпен дайындалып келетін. Жас маман ретінде көп ізденді. Сыныпқа кіріп, сабағын өтуді ғана емес, оқушының тәртібіне де мән берді. Өйткені ол тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы екенін жадынан шығармайтын. Аз уақыт ішінде айналасына сыйлы болған ол кейін қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейіне ауысты. Онда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қазір №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында  тарих пәнінен сабақ береді.
Әл Фарабидің «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген сөзі бар.  Осындай жақсы қасиеттерді бойына жинаған Алмас Мұстақұлов қазір тәжірибелі әрі білікті ұстаз. Он бес жылдық жұмыс өтілі бар педагог-зерттеуші.  Кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында түрлі курстарға қатысып, білімін шыңдап келеді.
– Бүгінгі ұстаз  жаңашыл, ізденімпаз, талапшыл болуы керек. Бұрын мұғалімнің оқу құралы кітап, тақта және бор болса, қазір басқаша. Сабақ беру тәсілі соңғы технологияға негізделген. Тақырыпты түсіндіру үшін көрнекіліктер, интерактивті тақта көмегін, яғни инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып жүзеге асырады. Себебі, жаңаша оқыту – заман талабы, – дейді ол.
Ол теориялық білімін тәжірибеге ұштастырады. Айтуынша, бүгінгі мұғалім рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жетілдіруге талпынған, әдіс-тәсілге бай, зерттеушілік қабілеті жоғары, дидактикалық-әдістемелік, ақпараттық және басқа да құзыреттіліктің жоғары деңгейімен сипатталған рухани адамгершілігі мол, жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға болуы тиіс. Жаңа заман талабына сай тұлға қалыптастыруда озық білім жүйесін қолдана отырып, өз тәжірибесін одан әрі қарай толықтырып, жетілдіру маңызды екенін алға тартады. 
Педагогтің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарын шығарды. Атап айтар болсақ, «Өрлеу» АҚ филиалының сараптама кеңесінде оқу-әдістемелік құралы бекітіліп, баспадан жарық көрді. Сонымен қатар тарих пәнін оқытудың әдістемелік негіздері, заманауи ерекшеліктері әдістемелігін және мектепішілік бақылауды жүйелі жоспарлау, ұйымдастыру әдістемелік нұсқаулығын құрастырды.  Халықаралық, республикалық, облыстық конференция жинақтарында мақалалары жарияланды. Баспасөз беттерінде «Тарих сабақтарында интерактивті және ақпараттық технологияларды қолдану», «Соғыстан кейінгі Қазақ КСР-нің әлеуметтік-экономикалық дамуы» және «Кәсіптік бағдар жұмысының теориясы мен тәжірибесі» атты мақалалары жарық көрді.
Түрлі облыстық, қалалық білім сайыстарына қатысып, жүлдегер атанды. Мәселен, «Үздік тарих пәнінің мұғалімі-2016» қалалық байқауынан І орын және  «Үздік бейінді оқыту жөніндегі орынбасар-2019»  облыстық байқауында ІІ орын алды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хат, Құрмет грамотасын, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің Алғыс хатын және облыс әкімінің, қала әкімінің, білім басқармасының, «Дарын» қосымша білім беру орталығының арнайы марапатын иеленді.
Шәкірттері де алғыр, оқуда озат атанып, түрлі байқауларға қатысып, ұстаз мерейін үстем етіп келеді.   Дарынды оқушыларының жетістігін ұстаздары да мақтан тұтады.
Биыл да жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде оқушылары топ жарды. Атап айтар болсақ, Ақтоты Исаева, Аяулым Қуантай ІІ орын алса, Шұғыла Бекберген, Інжу Ардаққызы, Жансая Шазінда, Жанет Искакова ІІІ орынды иемденді. Ал  Асылжан Қалдыбай, Әлия Тобашова Алғыс хатпен марапатталды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 11-сынып оқушысы Асылжан Қалдыбай мен Жанет Искакова І орынды жеңіп алды.
Облыстық «Менің кіші Отаным» жас тарихшылар байқауында Жанерке  Жарылқасын І орын және Ақтоты Исаева ІІІ орын иеленді. Былтыр әл Фараби халықаралық олимпиадасынан Айжан Әжібекова  жүлделі ІІ орынға шыққан еді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде оқушылары жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Осылайша білімді, шығармашыл, ізденімпаз, еңбекқор ұстаздың шәкірттері қандай сайыс, олимпиада болсын жүлдесіз қайтқан емес. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі.

Сара АДАЙБАЕВА


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: