Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің мәжіліс залында Н.Ермановтың төрағалығымен департамент жанындағы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Қоғамдық кеңесті мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңестің төрағасы Н.Ерманов ашып, кеңестің бағдарламасымен және күн тәртібінде тұрған мәселелермен таныстырып өтті.
Кеңестің қарауында тұрған басты мәселелер бойынша ОІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Е.Жаукеевтің «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда және жас ұрпақ тәрбиесіндегі мектеп инспекторлары мен ювеналды полиция инспекторларының ата-аналармен және бала тәрбиесіне қатысты білім беру ұйымдарымен байланысы жайлы» тақырыбындағы және Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ғ.Төлебаевтың «Мал ұрлықтарының алдын алу, ашу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы» баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңес барысында облыстағы қылмыстық ахуалға талдау жасалынып, статистикалық мәліметтер беріліп өтті. Яғни, 2014 жылы кәмелет жасына толмаған жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар саны 46,2 пайызға (145-тен 78-ге) төмендесе, 2015 жылдың 2 айында 68,2 пайызға (22-ден 7-ге) азайғандығы аталып өтілді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде тіркелген мал ұрлық қылмыстарының ашылу көрсеткіші жақсарып, 63,0 пайызды құраған (2013 ж.-60,9%) белгілі болды.
2014 жылы облыс бойынша мал ұрлығымен айналысатын жалпы 41 адамнан тұратын 11 қылмыстық топ құрықталып, сол топтармен жасалған 74 эпизодты құрайтын қылмыстар әшкереленген. Олардың 22-і әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатса, 12 қылмыскер шартты түрде сотты болып, қалған 8 қылмыскерге қатысты екі жақтың ымыраласуына байланысты қылмыстық ізге түсу қысқарған. Ал 2015 жылдың 2 айында мал ұрлығын кәсіп қылған 9 қылмыстық топ құрықталып, олармен жасалған 56 мал ұрлықтарының беті ашылды.
Қазіргі таңда, мал ұрлығы қылмысының өсім алуының басты себебі ретінде малдардың қараусыз жіберіліп, тиісті күзеттің болмауымен түсіндірілуде. Себебі, өткен жылы тіркелген 783 мал ұрлығының 604 дерегі бақташысыз өрістен ұрланып кеткендіктен орын алғаны белгілі болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы облыс көлеміндегі 147 ауылдық округтің 66-да ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған екен.
Аталған мәселелер төңірегінде кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері жылдағы үрдіс бойынша кеңес төрағасын қайта сайлады. Көпшіліктің қолдауымен Қызылорда ОІІД жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы болып Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Н.Ерманов қайта тағайындалды.
Қоғамдық кеңес айтылған мәселелердің жерде қалмай, кеңесте қаралған мәселелер төңірегінде тиімді жұмыстар атқарылуы керектігі жайлы тұжырым жасалынып, қорытындыланды.