Облысымызда 2 күн ішінде 5 адам суға кеткен. Олардың 2-і бала. Бұл жайында бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жедел баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергеновтің айтуынша, суға кеткендердің барлығы да шомылуға арналмаған қауіпті жерлерде орын алған. 8 тамыз күні Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы «Жанбасарық» каналында 7 жасар қыз суға кеткен. Дәл осы күні кешкі сағат 19.30-да «Сталинский» каналынан қызылодалық 17 жастағы жасөспірімнің мәйіті шығарылды.
Ал, 9 тамыз күні Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы, «Бала Жарма» каналынан 9 сынып оқушысының денесі табылды. Сондай-ақ, құтқарушылар белгісіз себептермен суға кеткен екі адамның мәйітін тапты. Қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су-тілсіз жау. ТЖД қызметкерлері суға түсу кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау қажеттігін ескертуде.
Жалпы, жыл басынан бері 24 адам суға кеткен. Оның 17-і суға түсу маусымында орын алған.