Бүгін Арал қаласындағы “Руханият орталығының” ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
![]()
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
“Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр", - деген болатын. Өткен 2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдени-көпшілік шаралармен бірге көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырдық.
Облыс орталығында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер» орталығы" салынып, ел игілігіне берілді.
Осындай байыпты бастамалардың жалғасы ретінде биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
Бүгін өздеріңізбен бірге Арал ауданындағы «Руханият орталығын» ел игілігіне табыстаймыз.
Орталықта ақ жаулықты аналарымыз, ардақты ардагерлеріміз бен жігерлі жастарымыз бір жерде бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Баршаңызды «Руханият орталығының" салтанатты ашылуымен тағы да құттықтаймын!”,- деді Н.Нәлібаев.
Жиында Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев батасын берді.
Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен құрылысты салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылордада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қолдауымен жаңа «Достық үйі» салынуда. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі. Мәдениет пен руханият өкілдеріне қолдау көрсету басты назарда. Жыл сайын «Тұран» және «Жебе» сыйлықтарын табыстау дәстүрге айналды. Былтыр алғаш рет мәдениет қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер берілді.
Сондай-ақ, симфониялық оркестр, инклюзивті және жастар театрлары, заманауи би, хор ұжымдары құрылып, "Жыраулар үйі" ашылды.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданына қарасты Жалаңаш елді мекеніндегі 150 орындық мектептің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», - деген болатын. Шәкірттерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы 304 млрд. 600 млн. теңге болып, 32 пайызға артты. Біздің ең бірінші міндетіміз - балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. 2024 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет, жеке инвестор есебінен 13 білім беру ұйымы пайдалануға берілді.
Алаш арысы Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», - деген жақсы сөзі бар. Жаңа бой көтеретін білім ошағынан болашақта алдыңғы буынның ізгі жолын жалғайтын, ел үмітін ақтайтын білімді, талантты шәкірттер шығатынына сенімдіміз! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Шарада Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Мергенсай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әсемхан Аққалиұлы батасын берді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймағымызда 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектептің құрылысы аяқталып, олар жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табысталмақ. Атап айтқанда, Арал қаласында бой көтерген 300 орындық №292 орта мектеп жыл басында пайдалануға берілсе, алдағы күндері Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» оқушыларды қарсы алады.
Сондай-ақ, Тоқабай ауылындағы демеушілер қолдауымен салынған 100 орындық жаңа мектеп ашылуға дайын.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданына қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті. Басқосуға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталып, құттықтауын жеткізді.
«Бүгін - аралдық ағайын үшін айтулы күн. Ақбасты ауылына таза ауыз су қосамыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалған барлық қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызына орталықтандырылған ауыз су қосылды. Биыл 9 елді мекенге ауыз су тартып, облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Оның ішінде, Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне 12 млрд 700 млн. теңге бөлінді.
Бүгін өздеріңізбен бірге Ақбасты ауылының тұрғындарына ауыз су қосу рәсімінде бас қостық. Жоба құны 3 млрд. 100 млн. теңге. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды жерасты құдығынан тасымалдап, тұтынып келді. Енді сол қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Президентіміздің қолдауымен ауыз су әрбір тұрғын үйге жеткізілді.
Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз судың қосылуымен құттықтаймын!», - деді Н. Нәлібаев.
Рәсімде Нұржан Нұржігітов пен Берік Әбдіғалиұлы көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, қоғам қайраткері, Имамадин Оңғарбаев батасын берді. Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауыз су тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Арал ауданында барлық саланың даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, бүгінде 22 млрд теңгеден асты. Соңғы үш жылда 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Аудан халқының 71 пайызы "көгілдір отынның" игілігін көруде. Аралдың Сыр беткейіндегі елді мекендерді газдандыру үшін Қамыстыбас елді мекенінен автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 10 мектептің 2-уі Арал ауданында салынды. Жаңа оқу жылында Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 амбулатория іске қосылды. Аталған жоба аясында Арал көпбейінді аудандық ауруханасының қосымша ғимараты мен жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы басталды. Облыстық бюджет қаржысына Сексеуіл кентінен 40 төсектік аурухана салынып, емделушілерге қызмет көрсетуде.
Өткен айда аралдықтар көптен күткен аспалы көпір ел игілігіне табысталды.
Елді мекенді ауыз суға қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Арал ауданындағы "Көкарал" бөгетін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 14 мамырдағы аймаққа жұмыс сапарында Үкімет пен облыс әкімдігіне "Көкарал" бөгетін қалпына келтіруде шұғыл шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Осы тапсырма бойынша «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Жобаның жалпы құны – 4,5 млрд теңге. Тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі. Жобаның мердігері – «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы.
Жобаны іске асыру мерзімі 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңде жұмыс кезең-кезеңімен қаржыландырылып келеді.
Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, "Қарашалаң" көлі арқылы теңізге екі арна және "Тұщы" көлі арқылы бір арна қазу жоспарланған. Бұл Кіші Арал теңізінің оңтүстік бөлігінде тұрақты су айналымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған ірі экологиялық жоба Арал өңірінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге, су ресурстарын тиімді пайдалануға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.