Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аграрлық саланың адымы кең

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Дәулет Жұмбеков ұзақ жылдан бері өңірдің аграрлық саласында еңбек етіп келеді. Оның ішінде күріш шаруашылығында мол тәжірибе жинады. Расында, бұл салада әлі түйіні тарқатылмаған проблемалар баршылық. 

– Қай кезеңде де ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы екені белгілі. Сондықтан оған көрсетіліп жатқан қолдау халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сыр өңірі аграрлық салаға бейімделген. Ұзақ жылдан бері жергілікті диқандар егін егеді. Оның ішінде өзім еңбек етіп жүрген Шиелі ауданының да орны ерекше. Бұл ауданда күріштен мол өнім жинаудың дәстүрі бар. Ол халықтың несібесіне айналды. Негізгі табыс көзі деп айта аламыз. Аталған мәселелерді тиісті орындарда үнемі қозғап келемін. Депутаттық міндетімде де сол түйткілдердің нақты шешілуіне көңіл бөліп жүрмін, – деді ол.
Кейінгі жылдары шаруалар дария деңгейіне алаңдайды. Оның себебі де бар. Әлемде климаттың өзгеруі осындай проблеманы туындатып отыр. Сондай-ақ дария бойында орналасқан мемлекеттердің тұрғындар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл сол елдердегі суға деген сұранысты арттырып жібергені рас. Сыр өңірі диқандары да мұндай жағдайды басынан өткізіп, осындай жауапты кезеңде тиімді жұмыс жасауға баса назар аудара бастады.
– Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі мен облыс басшылығы тарапынан лайықты қолдау жасалып келе жатқаны қуантады. Көршілес мемлекеттермен тиімді келіссөз нәтижесінде қажетті деңгейдегі суға қол жеткіздік. Десе де әр тамшы судың қадірі артып тұр.
Сондықтан нақты іс-шара жоспарын жасап, күріштен мол өнім алудың тиімді көзін қарастырып келеміз. Жылма-жыл оған қол жеткізіп жүрміз. Мені жас мамандардың ауыл шаруашылығына қызығушылығы төмендеп кеткені алаңдатады. Несіне жасырамыз, көбінің бұл іске құлықсыз екенін байқаймыз. Қазір аграрлық салада негізінен орта және зейнет жасына жеткен азаматтар еңбек етіп жүр. Сол себепті мен жастарды тарту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын, – деді Д.Жұмбеков.
Рас, бүгінде мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдау шаралары жасалып жатыр. Әлі де көңіл бөлетін жағдайлар бар. Қазір облыстың егін алқаптарында жергілікті сорттармен бірге күріштің ресейлік және украиналық сорттары егілуде. Кезінде Сыр өңірінде сорт шығару ісімен қаншама ғалым айналысты. Олардың еселі еңбегінің нәтижесінде жергілікті топыраққа, климатқа толықтай сай келетін сорттар шығарылды. Өкінішке орай, қазір бұл кенжелеп қалды. Ғалымдардың көбісінің жасы ұлғайды. Тәжірибелі мамандардың орнын баса қоятын жастардың қатары сирек. Әсіресе, күріш шаруашылығында. Соның салдарынан диқандар негізінен ресейлік сорттарға иек артуға мәжбүр. Ресейлік «Янтарь» және «Лидер» сорттарының біздің жерге бейімделіп кетуі кезінде олар осындай жартылай тұзды аймақтарда тәжірибеден өткізіліп, өндіріске енгізілген.
Оның айтуынша, шаруашылықтарды біріктіру арқылы өндіріс көлемін арттыру өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қазір осы мақсатта мемлекет тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Шаруашылықтар қазірдің өзінде тірлігін түзеп, алдағы істеріне оң қадам жасады. Енді оны жалғастыру қажет.
– Бұрынғы жылдары елдегілер көптеген қиындықпен бетпе-бет келді. Қазір мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесінде қаншама жұмыстың алға басқан жайы бар. Айта кетсем, тұқым, тыңайтқыш, техника сатып алуға субсидия мен жеңілдетілген несие қарастырылған. Оған қоса мал шаруашылығын дамытуға арналған қаржылай қолдау көрсетіледі. Ісін жүргіземін деген адамға барлық мүмкіндік ұсынылған. Әрине, жасайтын жұмысыңды жақсы білуің қажет. Өйткені, өз ісіңді жетік білсең, мол табысқа негіз қалауға болады.
Қазір мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиенің де шаруа адамына қолайлы тұсы жетерлік. Ауылда да барлық кәсіппен айналысуға тиімді жоспар қаралған, – деді Д.Жұмбеков.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қолға алынған каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары өз тиімділігін дәлелдей түсті. Кейінгі жылдары өңірде жерді лазерлік тегістеу кеңінен қанат жайып келеді. Ол су көзін тиімді пайдалануға жол ашты. Мұндай алқаптың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Нәтижесінде шаруалар заман талабына сай оңтайлы еңбек етуге кірісті.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру да негізгі бағыттың біріне айналды. Осы мақсатта елімізде нақты жобалар қолға алынып отыр. Сыр өңірінде де оған қатысты іс-шаралар жоспары қабылданды. Мұндай игілікті істер облыстың аграрлық саласында көрініс берді. Алдағы уақытта ол лайықты жалғасын табатыны анық.
– Қай салада болмасын, жаңа технологияға маңыз берудің тиімділігі ерекше екенін білеміз. Олардың барлығы біздің өмірімізге еніп, өнім деңгейін, сапасын арттыратынын дәлелдей түсті.
Сондықтан оған еңбекшілер қызығушылық білдіріп, ауқымды істерге жол ашылды. Қаншама жылдан бері осы салада қызмет атқарып келемін. Осыған байланысты әрбір жаңашыл жобаның қалай жүзеге асып жатқанынан толық хабардармын. Оны өз ісімізде де өндіріске енгізіп отырмыз, – деді Д.Жұмбеков.
Халық қалаулысы өзі сайланған аймақтағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тиісті орындарға елдің өтінішін жеткізуге ұйытқы болды. Атап айтқанда, Ақтоған ауылдық округіндегі Д. Шыныбеков атындағы №155 орта мектепті кеңейтуге байланысты облыс әкімдігіне ұсыныс берді.
1979 жылы сегізжылдық мектепке арнап салынған білім ошағының ғимараты бүгінгі күннің талабына сай келмей отыр. Мектеп 180 балаға арналған. Қазір онда екі ауысымда 260 оқушы білім алады. Сондай-ақ көшелерді күрделі жөндеуден өткізуге тиісті ұсыныс жасалған.
Айта кетерлігі аталған Шиелі ауданында «Бидайкөл» шаруа қожалығы биыл тың әдіс қолданып, агродронмен күріш егуді жүзеге асырып отыр.
Шаруашылық басшысы Талғат Байдалиевтің айтуынша, бұл әзірге тәжірибе, нәтижесі күзгі жиын науқанында белгілі болады. Мамандар мұндағы артықшылық тұқым мен тыңайтқышты егістікке дәл және тегіс тастауға ыңғайлы дейді. Бір жағынан еңбек өнімділігін арттырады. Осылайша дамыған елдердің озық технологиясын жұмыс барысында пайдалануға мән беріліп отыр. Дронның дельтапланға қарағанда дән не тыңайтқыш болсын оны себу мүмкіндігі нақтырақ. Себебі, дрондар арқылы дән 2-3 метр биіктікте себіледі, дәрі де ысырап болмайды. Жалпы өнімді жақсарту үшін өңірге жаңа техникалар, дрондар, көшеттеп егетін тракторлар жеткізілген.
Биыл облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланып отыр. Мұнда күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды. Облыстың егістік алқабында биыл күріштің бірнеше сорты сыналады. Олардың қатарында Қытай, Түркия және Еуропадан жеткізіліп, алғаш рет жерсіндірілетін тұқым түрлері де бар. Ал көктемгі егінге облыс бойынша 22,2 мың тонна тұқым дайындалса, қажетті тыңайтқышпен қамту бағытында тиісті келісімдер де тиянақталған.
– Кейінгі жылдары шаруашылықтарда лазерлік тегістегіш құрылғысының саны өсіп келеді. Оның тиімділігі дәлелденді. Қазір өңірде 200-ден астам лазерлік тегістеуіш бар. Биыл 60 мың гектар жер оның көмегімен өңделді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, күріш егісіне агродрондарды пайдаланудың тиімділігі зор. Әлемнің көптеген елінде қолданыла бастады. Өткен жылдары аталған технология егін алқабын бақылау, тыңайтқыш беру және химиялық өңдеу бағытында кәдеге асты.
– Былтыр институт агродрондармен күріш тұқымын себу тәжірибесін қолданды. Сол арқылы жақсы көрсеткіштер болды. Күріш тұқымын себу нормасы дәстүрлі технологияға қарағанда 2 есеге дейін азаяды, яғни, гектарына 130-150 келі мөлшерінде дән тасталады. Оған қоса күріш атыздары алдын ала суға бастырылып, себілген тұқымның шығыны болмайды. Көктемгі егін науқанына бөлінетін жанар-жағар-май мен техникалардың қосалқы бөлшегіне кететін шығын азаяды, – дейді институт басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.
Мамандардың айтуынша, облыс басшылығы тарапынан су тапшылығына байланысты тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Суды үнемді пайдалану, егіншілерге қажетті насостар, тұқым, минералдық тыңайтқыштар, жанармай, мұның бәрі – диқанның қамы. Жергілікті тұрғындардың бау-бақша дақылдарын егуіне қолайлы жағдай жасалуда. Әйтсе де алдағы уақытта судың жағдайы қалай болады? Әзірге нақты шешім айту қиын. Бұл – табиғат құбылысынан туындап отырған күрделі мәселе. Келешекте бұдан да күрделене түсуі мүмкін. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қолдағы су көзін тиімді пайдалануымыз тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің көптеген аймағында су қоймаларын салу мәселесін көтерді. Солардың бірі – «Қараөзек» су қоймасы. Мамандардың айтуынша, су қоймасы қызылордалық егіншілердің мұқтажын шешуге ықпал етпек. Әйтсе де осы су қоймасын дарияның қай бөлігінен салған тиімді? Оны дарияның өңірдегі жоғары бөлігінен салған дұрыс. Өйткені, Жаңақорған және Шиелі аудандарының диқандары да судан тапшылық көріп отыр. Дарияның орта тұсында орналасқан «Қараөзек» су қоймасының оған мүмкіндігі жоқ. Ол төменгі бөліктегі аудандар үшін қолайлы. Жоғары бөлікте су қоймасы салынса, оған қыс айларында қажетті суды жинап алуға болады. Сол арқылы көктемде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтар мұқтаждығын шешуге мүмкіндік бар. Мамандар Жаңақорған ауданында дарияның ескі арнасы бар екенін айтады. Су қоймасын салу барысында осыны ескеру керек. Есесіне дария суы жерге сіңіп кетпейді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: