Жол — экономиканың күретамыры. Білікті мамандар алдымен осы сөзді көлденең тартады. Рас, солай болатын жөні бар. Бұл бағытта Қызылорда облысында да ауқымды істер атқарылып келеді. Ширек ғасырға жуық күрмеуі шешілмеген ең маңызды мәселенің бірі – «Қызылорда-Жезқазған» жолы еді. Енді оның облысқа тиесілі бөлігінде жұмыс мәресіне таяп қалды.
![]()
Сала мамандарының айтуынша, аталған жолдың 192 шақырымға жуық бөлігі Қызылорда облысының аумағында орналасқан. Биылғы жылдың соңына дейін оның 140 шақырымы көлік қозғалысына пайдалануға беріледі. Республикалық «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде үш учаскеде жұмыстар аяқталуға жақындады.
Еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын төте жол көлік логистикасын жақсартып қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда маңызы зор. Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осындай талаптар бойынша қызметін жүргізе алатын қазақстандық компаниялар саны артып келеді. Олар ауқымды жобаларға қатысып қана қоймай, халықаралық талаптарға сай жол салуға қауқарлы екенін дәлелдей түсті. Мердігерлердің 4-еуі қытайлық компания, біреуі жергілікті «Қыран» ЖШС. Отандық кәсіпорын алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтағанын ерекше атап өткен жөн.
Алдағы уақытта жол белгісі қойылады. Жол ашылғаннан кейін трасса арқылы күн сайын жүретін көліктер саны 4 мыңнан кем болмайды деген болжам бар. 2024 жылы жылжымалы зертханамен қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға 1028 рет тексеру жүргізілген. Жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынған. Анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтірілген.
«Қазір салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Яғни, бұл өте жақсы деген көрсеткіш», — деп атап өтті «Жол актвитері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
«Республикалық маңыздағы автожолдың 29 шақырымын біздің команда атқарып шықты. 2022 жылы сәуір айында жұмыс басталды. Қазіргі күні үш қабатты астфальт толық төселді. Жол жолағын сызу, жол белгісін қою, жарықшам орнату толығымен аяқталды. Жол бойында көпшілікке арналған демалыс аймағы салынып жатыр. Жыл аяғына дейін жолды толығымен пайдалануға береміз. Екі жылдан астам уақыт ішінде оған 150-ден астам жұмысшы, 90 техника тартылды. Бес мердігерлер арасында біздің серіктестік жалғыз жергілікті мекеме екенін айта кетейік», — дейді «Қыран» ЖШС-нің жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.
Алдағы уақытта күре жол оңтүстік өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына өз ықпалын тигізеді. Алғашқы кезекте жолаушылар қатынасы жақсарады. Жолды салу барысында бұл аумақта 6 асфальт зауыты құрылды.
Жобаның Ұлытау облысы жағындағы 208 шақырымы бойынша реконструкция келесі жылы басталады. Мердігер мекеме анықталып, 8 учаскеге бөлініп, дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген.
Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат болған Шахизат Төребаев сол кезеңде өңір үшін өзекті мәселенің қалай бастау алып, кейіннен аяқсыз қалғаны жөнінде әңгімелеп берді.
– Жалпы, «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының экономикалық, әлеуметтік және басқа да тұрғыдан тиімділігі зор. Сондықтан бұл мәселе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тиісті орындарда қозғалды. Облыстан Парламентке сайланған Әбдіжәлел Бәкір, Құдайберген Сұлтанбаев және мен үшеуміз ол жайында Үкіметке сауал жолдаған болатынбыз. Сол кездегі облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаев құзырлы министрліктерге мәселенің мән-жайын жеткізе білді.
Сондай-ақ Жезқазған облысынан сайланған депутаттар да қолдау көрсетті. Осылайша еліміздің көлік министрлігінен қаржы бөлініп, жүз шақырымға жуық бөлігінде тас жол салынған еді. Қаржы мәселесіне байланысты ол жоба кейінге қалдырылды. Нақтысы, 25 жылға жуық уақыт бойы күре жолдың күрмеуі шешілмей қалды.
Ал енді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының табандылығы арқасында екі жылдай бұрын бастау алған жаңа жоба көңіл қуантып отыр. Қазірге дейін Қызылорда облысы аумағындағы 151 шақырымы елдің игілігіне айналды. Жоба алдағы екі жылда толығымен жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Айта кетсек, ендігі кезекте оңтүстік пен солтүстік арасындағы жол қысқарады, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде жеткізуге мүмкіндік туады. Ол бағаның арзандауына жол ашады, – деді Ш.Төребаев.
Сала мамандарының айтуынша, Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осындай талаптар бойынша қызметін жүргізе алатын қазақстандық компаниялар саны артып келеді.
Жобаның Ұлытау облысы жағындағы 208 шақырымы бойынша реконструкция биыл басталады. Мердігер мекеме анықталып, 8 учаскеге бөлініп, дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген.
Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.
2024 жылы 95 жобаға 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Қаланың күре жолы саналатын әуежайға кірме жол мен Көшербаев, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелерін кеңейту жүргізілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл Қызылорда қаласында Тәуелсіздікке 25 жыл көшесін кеңейту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария бөгеті бойымен жол салу ойластырылған. Оған қоса Қызылорда қаласында жерасты және Арал мен Жаңақорған аудандарында аспалы теміржол өткелдерінің құрылысы басталды.
Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 33 млрд 500 млн теңге бөлінеді. Оған 329 шақырым жол жөнделіп, жалпы өңірдегі жақсы жолдың көрсеткіші 95 пайызға жеткізілмек.
Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов жол салудың өзіне тән қиындықтары барына, бірақ ол ескерілмей, көбіне сыни пікірлер жиі айтылатынына тоқталды.
– Біздің саладағы үлкен проблема – кадр тапшылығы. Сегіз жыл жабылып қалып, былтыр қайтадан ашылған жол құрылысы маманын еліміздегі 8 жоғары оқу орны дайындайды. Осы мамандыққа 800 мемлекеттік білім гранты бөлінгенмен, небәрі 40 студент қана құжат тапсырды. Бұл – төрт жылдан кейін 40 инженер ғана диплом алып шығады деген сөз. Біз қанша жерден жол салып, бітірсек те оны мамансыз күтіп-ұстау мүмкін емес. Жастарды салаға тарту қиын болғандықтан, шетелден адам алдыруға мәжбүрміз. Жолшылардың жалақысы жоғары. Бірақ негатив пікір көп болғандықтан, ешкім келгісі келмейді, – деді министрлік өкілі.
Сыр өңірінде жергілікті жұрт «Қыран» ЖШС-ін жақсы біледі. Отыз жылға жуық уақыттан бері жол салу бағытында жұмыс атқарып келеді.
Олар Сыр өңірі мен Сарыарқа арасын жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының құрылысына қатысты.
Атап өтерлігі, серіктестік аталған автожолды салуға еліміздің атынан қатысқан жалғыз компания ретінде ерекшеленіп отыр.
Өйткені, Еуропа қайта құру банкінің қаржысымен салынып жатқан ауқымды жобаға қойылатын талап үлкен.
— Асфальт жол салу ісімен 2006 жылдан бері айналысып келеміз. 2021 жылы «Қызылорда-Жезқазған» тасжолын салу үшін Еуропа қайта құру банкінің конкурсында жеңімпаз атанып, оны дер уақытында аяқтауға мүмкіндік туды. Ауқымды жоба барысында 200-ге жуық адам еңбекпен қамтылды. Қазір жол салу саласында талап өте үлкен. Жол біткеннен кейін әрбір компания тарапынан бес жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл уақытта жолдың сапасы бұзылып кетпеуі керек. Сондықтан біз жұмысты өз деңгейінде атқаруға күш саламыз. Осы орайда тәжірибелі мамандардың еңбегіне жүгінеміз. Өкініштісі, ондай азаматтар арамыздан табыла бермейді. Қазір елімізде жол салатын қарапайым еңбек адамдары жетіспейтіні жасырын емес. Бұрынғы жылдарда мұндай мамандық иелерін кәсіптік-техникалық училище дайындайтын еді. Айта кетерлігі, қазір оған баратын жастар жоқтың қасы. Мәселен, біз грейдер айдайтын маманға 1 млн теңгеге дейін жалақы төлеуге әзірміз. Дегенмен олардың саны мүлдем аз. Тіпті, жоқтың қасы десек те болады. Сол себепті мұндай азаматтарды шетелден шақыруға мәжбүрміз. Қазіргі уақытта бұл түйткілді өз күшімізбен шешуге күш салып жатырмыз. Сол жұмыспен айналысуға ниет білдірген мамандарды арнайы оқытып аламыз. Оларға белгілі бір уақытта біздің компанияда жұмыс істеу міндеттеледі, — дейді кәсіпорын директоры Жайсаң Сыздықов.
Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов мұндай проблема еліміздің жол салушы көптеген компаниясында бар екенін жасырған жоқ.
Бүгінде Қазақстанда бұл сала бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Ұлан-ғайыр даламыздың қай бөлігінде де жолға қатысты қызу қарбалас тіршілікті байқау қиын емес.
Осының арқасында еліміздің жол жағдайы біршама жақсара түсті. Ұзақ жылдар бойы күрделі тақырыпқа айналған мәселелер осылайша өз шешімін тауып келеді.
— Елімізде 95 мың шақырымнан астам жол бар. Оның төрттен бір бөлігі республикалық маңыздағы жолдар санатына жатқызылады. Қалғаны — жергілікті деңгейде. Биыл олардың 12 мың шақырымы қайта жаңғыртылып, орташа жөнделіп жатыр. Ал Қызылорда облысындағы жолдың ұзақтығы — 3,5 мың шақырым. Қазір облыс аумағында «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы салынып жатыр. Алдағы уақытта «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін төрт жолақты жолға бейімдеуге көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта облыста жол салу бағытында қызу тіршілік күтіп тұр. Әрине, бұл орайда жұмыс күшіне сұраныс зор болатыны сөзсіз. Мұндай проблема еліміздің әр өңірінде кездеседі. Сондықтан көпшіліктен жастарды техникалық мамандықтар бойынша білім алуға бағыттаса деген ұсынысымыз бар. Өйткені, бұл саладағы жұмыс ешқашан тоқтамайды. Қай кезде де жұмыс күшіне сұраныс арта түседі. Әрине, оңай мамандық түрі емес. Жауапкершілігі үлкен. Жалақысы да соған сай келеді, — дейді ол.
Бүгінде еліміздің 8 жоғары оқу орны жол саласы мамандарын даярлайды.
Атап айтқанда, жастар аталған сала бойынша Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық техникалық, Сәтбаев, Қазақ қатынас жолдары, Қарағанды мемлекеттік техникалық, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттері мен Логистика және көлік академиясында білім алады.
Ол бойынша мемлекеттік грант бөлініп жатыр. Дегенмен оған қызығушылық білдіретін жастардың саны аз. Ал жұмысшы мамандықтар бойынша арнаулы орта оқу орындарында білім алуға болады.
— Жол саласы бойынша көптеген жұмысшы мамандықтар бар. Атап айтқанда, олардың қатарында экскаватор, бульдозер, каток көлігінің операторы, грейдер мамандары бар. Байқап отырғандай, жол салатын әрбір компанияда мұндай мамандарға сұраныс бар екенін жиі естиміз. Кейбірі оларды шетелден әкелуге мәжбүр екенін білеміз. Жастардың техникалық мамандық түрлеріне қызығушылығы болғанын қалаймыз. Бұл орайда ата-ананың да міндеті үлкен деп білемін, — дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Сала мамандары жол құрылысы саласында көптеген бос жұмыс орны бар екенін айтады. Олардың жалақысы да жоғары.