Қызылорда қаласында "With You Kyzylorda" ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
![]()
Аймақ басшысы зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 млрд. 100 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.
Соның бірі - шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд. теңгеге жылына 240 млн. шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы.
Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд. 500 млн. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.
Алғашқы кезеңде 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.
Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс.
Өркениетті қоғамда өз қоқыстарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған байыпты бастамаларымыз нәтижелі болғай!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Жақсылыққызы, Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 млрд. теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 млрд. теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 млрд. теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орман шаруашылығы мекемелерінің және «Үлгілі елді мекен» конкурсының техникаларымен танысты.
Кейінгі жылдары өңірде облыс әкімінің бастамасымен ауылдық елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау және көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың белсенділігін арттыруға бағытталған.
2023 жылы конкурс көктем және күзде өтті. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жеңімпаздарға 29 арнайы техника табысталды. «Үлгілі аудан орталығы» мен «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, ассенизатор, трактор, қоқыс тасымалдайтын, тиейтін және жол тазалайтын көліктермен қамтамасыз етілді.
Бұл игі бастама өткен жылы да жалғасын тауып, үздік аудан орталығы мен ауылдарға арнайы техникалар, 2025 жылға арналған абаттандыру жобаларын қаржыландыру үшін бірқатар елді мекенге 15 млн теңгеден берілді. Биылғы жеңімпаздарға 564,4 млн теңгеге 19 арнайы техника табысталады.
Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7,3 миллион гектар, оның 3,8 миллионы – орманды алқаптар. Табиғи ресурстарды сақтау, орман байлығын көбейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 қызметкер жұмыс істейді.
2022 жылы осы мекемелердің техникалық әлеуетін нығайтуға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, тракторлар, орман отырғызу агрегаттары, вахталық автобус, су тасымалдау көлігі, өрт сөндіру және патрульдік автокөліктер, электр станциялары мен палаткалар сатып алынды. 2023 жылы осы мақсатқа 867 миллион теңге қаралды, ал өткен жылы 102,5 миллион теңгеге заманауи техника мен құрал-жабдықтар алынды.
Биыл қаржыландыру жалғасып, орман шаруашылығы мекемелері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес 438,5 миллион теңгеге қажетті техникамен қамтылды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутататы Қарақат Абден,облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы тұрақты орман тұқымбақтарымен және Арал теңізінің құрғаған табанында атқарылған жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысының Жолдауында ел аумағына 2 миллиард түп ағаш отырғызу тапсырылғаны белгілі. Осы тапсырмаға сәйкес, облыста 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілді.
Өңірде 903 мың гектар алқаптың топырағынзерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. 2021-2024 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанындағы 659,1 мың гектарға екпелер егілді.
Биыл 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофит тұқымдарын егу жоспарланған. Егілетін көшет жеткілікті болу үшінуақытша тұқымбақтар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, Қазалы ауданында Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 33,5 гектар аумаққа тұқымбақ салынды. Жобаның құны 440,7 млн теңге, техникалар сатып алуға қосымша 179 млн теңге бөлінді.
Тұқымбаққа сексеуіл көшеті, жапырақты ағаш, жеміс тұқымы егілді, жеміс бақшасы және үйеңкі талының аналық бөлімі құрылды. Сондай-ақ, қорғаныш жасыл жолақ, минералданған жолақ және компосттау жұмыстары атқарылды.
Тұқымбақ құрылысы аяқталып, облыс балансына берілді, қазір онда 47 адам еңбек етеді.
Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойы аясында «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің заманауи кірпіш зауытының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері, өңір кәсіпкерлері арнайы қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды заманауи кірпіш зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің өнеркәсіп саласындағы жұмыстарға тоқталды.
«Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Бұл бағытта алдағы бесжылдықта құны 2 трлн. теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның ішінде түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу-электр орталығы, қазір ашылатын заманауи кірпіш зауыты, қиыршық тас, айна өндірістері бар. Өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында құны 553 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», – деген болатын.
Өткен жылдың қараша айында іргесі қаланған кірпіш зауытының құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, бүгін алғашқы өнімін шығаруда. Баршаңызды облысымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда тиімді жоба – заманауи кірпіш зауытының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, құрылыс нысандарының сапасын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетұлы, Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйледі. Зауыт құрылысына атсалысқан азаматтар облыс әкімнің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, қараша айында құрылысы басталған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты қысқа мерзімде іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Жобаға 5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 7 гектар жер телімі бөлінді.
Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Экологиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыттарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.