Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сапалы өнім өзімізде де бар

Өңірдің өндіріс саласы жылдан жылға қарқын алып келеді. Кейінгі кездері құрылысқа қажетті материалдарды жергілікті кәсіпкерлер де өндіре бастады. Сапасы сырттан келетін тауарлардан кем түспейді, бағасы да қолжетімді. Облыс пен өзге де өңірлерге шығарып жатыр. Кәсіп иелері мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерді де ұтымды пайдалануда.
 Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-турда қаладағы өндіріс орындарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Құрылыс индустриясын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ірі кәсіпорындардың бірі – «КСМ KZ» ЖШС. Сонау 1969 жылы құрылған өндіріс орны талай қиындықты еңсерді. Қазір заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп, қуаты артып, құрылысқа қажетті өнімдер өндіруде. Нақты айтар болсақ, 200-ден астам темірбетон бұйымын шығарады. Олардың қатарында электр бағаналары, көпбөлімді жабын, таспалық фундамент тақтасы, қабырға блогы, темірбетон маңдайша, дөңгелек темірбетон шеңбер, су жүретін лоток, жол жиегіндегі тастақта бар. Кәсіпорын материалдары өңірдегі көпқабатты тұрғын үйлер мен көпірлерге қолданылуда. Сондықтан сұраныс артып келеді. Материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып, жаңаруда. Құрылғылардың басым бөлігі Ресейден әкелінген.
Зауытта 1977 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мекеменің өндіріс басшысы Аманбай Жұмабеков былай дейді:
– Биылғы жоспар белгілі болды. Енді соны игеруге күш саламыз. Қазір тапсырысқа сай жұмыс істейміз. Шикізат – жергілікті өнім. Атап айтар болсақ, қиыршық тасты Жаңақорғаннан, құмды Тасбөгеттен, цементті Шиеліден алдырамыз. Әр бетонның өз маркасы бар. Зертхана материалдардың құрамын тексеріп, талапқа сәйкестігін анықтайды. Зерттеуден өткен өнімнің сертификатын береміз. Әсіресе облыс аумағына электр бағаналарын құйып, қамтамасыз етіп отырмыз. Бағананың ішіне салынатын арматур Ресейден келеді. Тағы бір өзгешелік, бұрын қол күші басым еді. Қазір бәрін де автоматтандырылған техникаға алмастырдық.  Білікті мамандарды даярлау үшін жастарды оқытып, үйретудеміз. Қабілеті бар жастар жұмыстың көзін тауып, қатарға қосылуда. Сондай-ақ  өндірісте әйел кісілер де жұмыс істейді. Мына тұрған кран саны – 12. Бәрін де қыз-келіншектер жүргізеді. Әне, темірбетонды көтеріп, жып-жинақы етіп жинауда. Олар да ерлермен иық тіресе, тең дәрежеде жұмыс істейді.
Ішкі нарықты толық қамтып отырған зауыт аймақтағы ірі әрі қуатты құрылыс мекемелерімен тығыз байланысып, өнімін өткізіп отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта да өнімділікті арттыруда тың бастамаларын жүзеге асыра бермек.
Мұнан кейін «Садуақасов» ЖК  мекемесінде болдық. 2006 жылы құрылған кәсіпкерлік нысан алғашында теміржол тұйығын жалға берумен айналысқан. 2014 жылы Ресейдің «Монолит Сервис» мекемесінен «Лидер Мастек» вибропрестелген өнімдер шығаратын зауытты өз қаражатына сатып алады. 2015 жылдан бері вибропрестелген өнімдерін саудаға шығарды. Сонымен қатар вибростолдағы еуробрусчатка өндіруде. Тапсырыстың ұлғаюына байланысты 2021 жылы Ресейден автоматтандырылған «Рифей-Буран» зауытын алдырып, іске қосты.
Аумағы 1,8 гектар болатын өндіріс орнында жұмыс қайнап жатыр. Дайын брусчаткалар тақтайдай жиналып тұр. Ал енді бір бөлігі арнайы кептірілуге жіберілген. Брусчатканың құрамына қажетті шикізат түрлері молынан жиналған. Жұмысшылар тек автоматтандырылған құрылғыны басқару  арқылы қоспаларды қосып, он минуттай араластырып, қалыпқа құюда. Жұмыстың басым бөлігін техника атқаратынын аңғардық. Мамандар дайын болған тауарды қаптайды. 
Сатушы менеджер Айбек Сембаев кәсіпкерлік нысанды аралатып, жұмыстарымен таныстырып шықты.
– Жыл өткен сайын тапсырыс көлемі артып келеді. Қазір түрлі-түсті бурсчатка, тротуар плиткалары, жол, тротуар бордюры және құрылысқа, қоршауға арналған пескоблок шығарамыз. Өнімдердің сапасы өте жоғары, сондықтан болар сұраныс жақсы. Жылына 10 мың тонна қиыршық тас пен 2000 тонна цемент қолданамыз. Цемент пен қиыршық тасты Шиелі ауданынан аламыз. Жуылған құмды Жаңақорғаннан тасымалдаймыз. Ал өзге  қоспаларды Қытайдан әкелеміз. Бұдан бөлек, Ираннан келетін цементті тұтынамыз. Оның ерекшелігі – түсі жақсы, сапасы жоғары. Бағасы да қымбат. Тапсырыс өзге өңірлерден де түсіп жатады. Оның ішінде көбіне Жезқазған қаласына жөнелтеміз. Жалпы бұл салада Ресейдің технологиясы сапалы болып тұр. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент қаласындағы зауыттар жұмысын көріп қайттық.
Қазір 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Мамандардың бәрі де – жергілікті тұрғындар. Өзбекстаннан арнайы мамандарды шақыртып, жастарға үйретудеміз. Осы тұрғыда көршілес елмен тығыз байланыстамыз. Себебі қалыбын да Ташкенттен алдырамыз.  Көріп тұрғандарыңыздай, бәрі де соңғы технологиямен жабдықталған, – дейді ол.  
Ал «Вега Пром» ЖШС өндірістік мекемесі 2014 жылы құрылған. Ішкі жұмыстарға арналған құрғақ құрылыс қоспаларын өндірумен айналысады. Нарықта 10 жылдан астам еңбек етіп келеді. Цехта күніне 70 тоннадан астам өнім өндіріледі. Тапсырыс Қарағанды, Ұлытау облыстарынан да түсіп отыр.  15 адам жұмыспен қамтылған.
Мекеме басшысының орынбасары Асылхан Шәмші жергілікті өнімге тосырқай қарайтындар бар екенін айтты. Дегенмен сапасына көз жеткізгеннен кейін тұрақты тұтынушыға айналады екен.
– Бізде шикізаттың көбі Қытайдан келеді. Себебі басым бөлігі химиялық заттар. Қалғаны отандық шикізат. Цемент, шегеқұм жергілікті кәсіпкерлердікі. Бүгінде 6 түрлі өнім шығарамыз.  Олар – кафель желімінің екі түрі, сәндік сылағы, құймалы еден, гипс жабыны және сылағы. Шүкір, сұраныс артып келеді. Тапсырысқа сай жұмыс істейміз. Қыс айында ғана жұмыс уақытша тоқтайды. Өнімдеріміз қаладан бөлек аудандарға да жіберілуде. Облыс төңірегінде тұрақты тапсырыс берушілер қатарында «НК Құрылыс», «Дәнекер», «СМП-Қызылорда», «Сәт-Сервис», «Интегрострой», «Абусер», «Нұртехсервис» серіктестіктері және  жергілікті базарлар мен құрылыс дүкендері бар. Тиянақты істің арқасында жұмыс жанданып келеді. Әлі де жоспарлар көп, –дейді ол.
Байқағанымыз, кәсіпкерлер барынша озық технологияларды пайдаланып, өнімін сапалы шығаруда. Қаншама адамды жұмыспен қамтыған. Олар құрылыс материалдарын өзге де өңірлерге өткізіп, табысын еселеуді көздейді. Шаруасын кеңейтіп, жергілікті өнімге деген оң көзқарас қалыптастыруды қалайды. Бір жағынан өңір өндірісі өркен жайса, екінші жағынан өзгенің тауарын тұтынуды қояр едік. Енді үй салуға қажетті құрылыс заттарын іздеген кезде тек өз өнімімізді тұтынатын күн алыс емес екеніне көз жеткізіп қайттық.


Сара АДАЙБАЕВА
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: