Табиғатқа залал келтіргендерге 42 қылмыстық іс қозғалды
2015 жылдың 3 айы көлемінде Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының табиғатты қорғау полициясы құрылымдарымен экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, есепті мерзімде облыс көлемінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзу дерегі бойынша барлығы – 175 әкімшілік құқық бұзушылық, 42 қылмыс фактісі анықталған. Оның ішінде, балық саласында – 56, жануар әлемі саласында – 102 және өсімдіктер әлемі саласында – 16 заң бұзушылықтар орын алған. Заңсыз аңшылық жасау дерегін анықтау бойынша 24 775 теңге айыппұл салынса, заңсыз балық аулау дерегін анықтау бойынша 693 мың 700 теңге айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 42 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде ақбөкен жануарын заңсыз аулауға қатысты 15 (ҚР ҚК-нің 339-бабымен) қылмыстық іс, табиғатқа айтарлықтай залал келтіре отырып жасалған заңсыз аңшылыққа қатысты 8 қылмыстық іс, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу дерегіне қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Оның 22-сі сотқа жолданса, 15 іс бойынша полиция қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алудың 1 дерегі Арал ауданында анықталып, ҚР ҚК-нің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, ҚР Қызыл Кітабына енгізілген қаяз балықтарын заңсыз аулаудың 2 дерегі Сырдария ауданында анықталып, ҚР КК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.