Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Агроэкономика және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі агроэкономика және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, ғалымдар, шаруашылық құрылымдарының өкілдері, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі сала басшыларына Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
«Президентіміз Жолдауында: «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деген болатын. Әсіресе, аграрлық саланы цифрландыруға, ауыл шаруашылығы ғылымын жетілдіруге негізгі басымдық беруді ерекше атап өтіп, бес міндетті айқындады.  
Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына жаңа тәсілдерді, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні енгізу, екінші, өнімділік пен қайта өңдеуді арттыру, үшінші, технологиялық жаңғырту, төртінші, ғылым мен зерттеуді дамыту, бесінші, қаржылай қолдау көрсету.
Аграрлық салаға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, терең өңдеу бағытындағы жұмыс баса мән беруді қажет етеді. Ғылымды дамытып, цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігін шаруашылық құрылымдарына түсіндіру керек.
Саланы жетілдіруге арналған ғылыми жобаларды қолдап, оларды іске асыруды сүйемелдеп, цифрландырудағы тың бастамаларды өндіріске енгізуді қарастырыңыздар.  Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты білім беру орталығының жұмысын жандандыру, ғылыммен айналысатын білікті мамандар даярлау өте маңызды. Оқу орындарын бітірген түлектерді жұмысқа тарту керек.
Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан осы бағытта атқаратын жұмыстарымыз жүйелі, нәтижелі болсын.
Бүгінгі берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауымызда болады. Жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен бірлесе атқаруға шақырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінген қаржының арқасында өткен 8 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығында 66 млрд. 900 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 пайыз, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайыз артқан.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев күріш көлемін кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін дақылдарды жерсіндіру туралы хабарлама жасады.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының  директоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымды жедел өркендету арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов цифрландыру тәсілдері арқылы өндіріс тиімділігін арттыру, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова білікті кадр дайындап, озық ғылыми жобаларды өндіріске енгізу, сала ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов су тапшылығы жағдайында қолданылған тәжірибелер жайында пікір білдірді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: