Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шабыт шыңдайтын шеберхана

Қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы – балалардың дарынын ашып, шабытын шыңдайды. 
Жас жеткіншектер түрлі үйірмелерге қатысып, қызығушылығын айқындап, ғылыммен айналысып, зерттеу жүргізіп, шығармашылықпен шұғылдануға мүмкіндіктер қарастырылған. Балалардың бойындағы талантын шыңдап, білім, ғылым, өнерге баулиды. Жетістікке жетуге жол ашады. Оқушылардың жан-жақты кәсіби бағдар алуына, өнердің барлық саласын меңгеруіне жағдай жасайды.
Орталық директоры Қайрат Жәлімбетовтің айтуынша, осы күнге дейін қаншама бала өзі қалайтын мамандығына бағыт-бағдар алған. Заман талабына сай техникалық мамандықтарға баулу үшін ақпараттық технология бағытындағы үйірме жұмыстары жолға қойылған.
Орталықта көркем-шығармашылық, бейіндік оқыту, туристік-қолданбалы, ІТ iMAQORDA балалар технопаркі, «Негеш» дамыту аймағы бағыты бойынша 2143 оқушы қамтылған. Мектепалды даярлық топтарына 5-6 жастан қабылданса, қосымшаға 8-16 жас аралығындағы балалар қамтылады. Жалпы үйірмелер саны – 62. Мұнда 26 оқу кабинеті, кіші хореография залы, 250 орындық акт залы, әдістемелік кабинет, костюмер кабинеті, архив, шеберхана бар. Материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жаңартылған.
Іргетасы 1974 жылы қаланған ғимараттың тарихы терең. Осы кезге дейін бірнеше құрылымдық өзгеріске ұшырағанымен бастапқы бағыты қосымша білім беру және тәрбиелеу болып қалды. Мекеменің облыстық білім басқармасы Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» болғанына да бес жыл толды.
Бүгінгі күні онда 79 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде жоғары санатты, зерттеуші, сарапшы, модератор және ғылыми-академиялық дәрежесі бар мамандар. Атап айтар болсақ, магистр, Ph доктор, арбитр Фиде, тоғызқұмалақтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық спорт төрешісі, ҚР еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы, облыстық білім беру саласының үздігі, мәдениет саласының үздігі сынды. Мұғалімдер біліктілігін арттыру үшін жыл сайын семинар-тренингке, конференцияларға тұрақты қатысып, білімін жетілдіріп отырады.
Авторлық бағдарламалар бойынша «Робототехника», «Өлкетану», «Сиқырлы жіптер», «Әсем моншақтар», «Өсімдіктер әлемі», «Асыл мұра», «Көшбасшы», «Музыка әлемі», «3D бейнелеу өнері», «Дәстүрлі ән-терме», «Vlog Kadr», МАД тобына арналған «Логика» вариативті пәні, «Балалардың жасанды интеллект заманындағы медиасауаттылығы», «Абай шығармашылығын оқытудың педагогикалық идеялары» сынды үйірмелері бар. Сонымен қатар ірі үш жоба қарастырылған. Олар – «Құрдастар» тележобасы, «Жазғы TIMES» жазғы мектеп пен «Bala orda» бағдарламасы.
Бүгінде түрлі бағыт бойынша оқушылардың жеткен жетістігі де аз емес. Халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан топ жарып жүрген дарынды балалар орталықтың мақтанышына айналған. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Робототехника» үйірмесінің командасы халықаралық сайыстың аймақтық кезеңінде Орта Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды. Абай, Мұқағали, Мағжан, Ілияс оқуларында оқушылар алдыңғы орыннан көрінді. Би, ән, қолөнер, домбыра, гитара үйірмесінің балалары да республикалық байқауларда топ жарды.  Балалар шығармашылығына арналған түрлі конкурстарға қатысып, олжалы оралды.
Былтыр мекемеде түрлі іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мәселен, «Жарқын болашақ балалар қолында» атты тақырыпта ашық есік күні, 7-8 сынып оқушылар арасында «Зерде» логика және математика пәндері бойынша интеллектуалды олимпиадасы, «Тарих маусымы» интеллектуалды сайысы, облыстық тарихи өлкетану музейінде «Ел тарихы – ел мұраты» атты музей сағаты өтті. Сондай-ақ үйірме оқушылары арасында «Алдымда мың сан тарау, мың сан таңдау» атты профориентациялық тренингтер өткізілді. Тренингте орталықтағы 10-11 сынып оқушылары, яғни ҰБТ-ға дайындық курсының «Математика», «География» және «Химия» үйірмелерінің шәкірттері қатысты. Бұдан бөлек, тоғызқұмалақтан қалалық турнир, өнер адамдарымен кездесулер, байқаулар өтті.
Орталықта балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында  «Жазғы TIMES-2025» лагері ұйымдастырылып, 200 баланы қамтыды. Екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Лагерьде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Онда 13 тәжірибелі педагог қызмет атқарады. Балаларды жан-жақты қолдап, жайлылық сыйлайды. Шығармашылық ізденісін арттырып, пайдалы дүниемен шұғылдануға атсалысады. Педагог мамандар түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіп, балаларға жеке-жеке көңіл бөледі.
Шығармашылық үйірмелер балалардың қызығушылығын тудырды. Креативті бұйымдар жасау кезінде қағаз, фетр, табиғи материалдарды пайдаланды. Әр бала өзін дизайнер сезінді. Сурет үйірмесінде әртүрлі техникамен сурет салу, көркем жұмыстар қамтылды. Спорт және туризм бағытында таза ауада ойындар мен сабақтар өткізілді. Лего құрастыруда шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, логикалық ойлау, ұсақ моториканы және техникалық сауаттылықты арттырды. Оригамиде  түрлі қағаздардан бұйым жасады. Журналистика негіздерімен танысу кезінде, дағдыларын қалыптастыру, өз ойларын  сауатты, айқын  білдіруді көздеді. Сондай-ақ лагерьде спорттық іс-шаралар, көңілді мерекелік кештер мен сайыстар, интеллектуалды ойындар тұрақты өткізіліп, балалар белсенді қатысты. Онда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының жұмысы жылдан жылға жанданып келеді.                                 
Сара АДАЙБАЕВА


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: