Қызылорда облысы - құрылыс қарқыны бойынша көшбасшы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының статистикалық мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында елімізде құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетті.
Есепті кезеңде 2026 жылғы қаңтар-маусымда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2% өсіп, 4 триллион 72,1 млрд теңгеге жеткен.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі 91,1%-ы жеке құрылыс ұйымдары арқылы жүзеге асырылған. Ал, шетелдік құрылыс ұйымдарының үлесі – 8,3%, мемлекеттік ұйымдардың үлесі – 0,6%.
2026 жылғы қаңтар-маусымда орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті автомобиль, теміржолдары мен метролар (24,2%), тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,5%) және тұрғын үйлердің (13,2%) құрылысы алады.
Өңірлер арасында Қызылорда облысы құрылыс жұмыстарының қарқыны бойынша көшбасшы өңірлердің бірі болды. Облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың қаңтар–маусымымен салыстырғанда 31,3%-ға артқан.
Бүгінде облыс орталығында халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды қабылдауға бейімделген «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхана, бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана және 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қызылорда облысындағы құрылыс көлемінің жоғары қарқынмен өсуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпінін көрсетеді.