Қазалыда теміржолшылардың кәсіби мерекесі аталып өтті
Бүгін Қазалы ауданында Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде теміржол саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріп отырғанын атап өтті.
– Көлік инфрақұрылымы – мемлекеттің экономикалық қуатын айқындайтын басты тетік. Мемлекет басшысы: «Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береміз», – деп бұл саланы дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп берді. Бүгінде елімізде мыңдаған шақырым жаңа теміржол желілері салынып, олардың өткізу мүмкіндігі артып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде 10 жоба Қызылорда облысында жүзеге асуда. Жуырда ғана Мемлекет басшысы, Үкімет және облыс әкімінің қолдауымен осы жобалардың бірі – 120 жылдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы толықтай қайта жаңғыртылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты жаңғыртуға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан 1 млрд 290 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 91 млн теңге бөлініп, вокзал аумағы абаттандырылды. Бұдан бөлек, жыл басында құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, бүгінде тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Теміржол – жоғары жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін сала. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, болат жол бойында тынымсыз еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің еңбегі зор құрметке лайық. Барша Қазалы халқының атынан сіздерге адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты шара барысында ауданның теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Қазақстан вагон жөндеу кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төсбелгісімен, сондай-ақ облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шара аясында ауданның теміржол тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылып, қонақтар оның мазмұнымен танысты. Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, мереке иелеріне арналған аудан әкімінің ықылас гүлі сахна төріне шығарылды.
Айта кетейік, Қазалы ауданы аумағы арқылы өтетін теміржол желісінің жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Бүгінде аудан арқылы 13 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Жыл басынан бері 500 мыңнан астам жолаушы мен 9 миллион тонна жүк тасымалданған. Сонымен қатар аудан аумағындағы 15 теміржол мекемесі мен кәсіпорнында 2 мыңға жуық қызметкер ел экономикасының күретамыры саналатын салада абыройлы еңбек етіп келеді.