Облыс әкімі Жаңақорғанда асылтұқымды мал шаруашылығының жұмысымен танысты
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде «Бекарыс-Агрофуд» ЖШС асылтұқымды мал шаруашылығының жұмысымен танысты.
Серіктестік негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, 1 000 басқа арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 10 бас мал соятын пункт бар.
Бүгінде шаруашылықта 864 бас ірі қара, 300 бас жылқы, 4 077 бас қой, 211 бас түйе және 668 бас асылтұқымды ірі қара өсірілуде.
Сонымен қатар 1 500 гектар жайылымдық және 300 гектар суармалы жерге иелік етеді. Биыл шаруалар 67 гектарға күріш, 50 гектарға күздік бидай және 50 гектарға жоңышқа екті.
Аймақ басшысы шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен танысып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жаңақорған – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Биыл диқандар 36 077 гектар жерге егін ексе, оның 6 756 гектары күріш.
Жыл басынан бері салада өндірілген жалпы өнім көлемі 7 млрд 427 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайыз болды.
Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында күріш көлемі 600 гектарға қысқартылып, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 2 370 гектар жерге басқа да дақылдар егілді.
Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Жыл басынан бері 4 236,5 тонна ет, 3 769,6 тонна сүт және 917,1 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Қазір ауданда 75 мыңнан астам ірі қара, 286 079 бас қой, 29 470 бас жылқы, 2 098 бас түйе және 18 411 бас құс өсірілуде.