Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖОЮ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ


Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында қолайсыз ауа райы жағдайынан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі және конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізілген көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының қорытындысы қарастырылды.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы комиссия отырысын ашып: «Ағымдағы жылғы мамыр айында Астана қаласында орын алған табиғаттың тосын мінезінен 28 тұрғын үй мен 23 әлеуметтік нысанға нұқсан келді. Салдарынан келтірілген шығын шамамен 235 млн. теңгеге шығып отыр. Осындай жағдайлардың біздің аймағымызда болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды» - деп төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты жүргізілетін шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Төлешев Асқар Дәулетбайұлының айтуынша облыс аумағында бірнеше әлеуметтік нысандардың шатырларының ұшып кету жағдайлары орын алған. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде 4 ғимараттың шатыры ұшып, оның 2-уі төтенше жағдай ретінде тіркелген. Ал 2 жағдайда шатырлардың қирауы секундына 15-20 метр жылдамдықтағы жел тұру салдарынан болған.
Демек шатыр беріктігі секундына 25-30 метр жылдамдықтағы желге төтеп беруі қажет.
Сонымен қатар комиссия отырысында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның тиісті сала мамандары баяндама жасады.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, шығындарды болдырмау мақсатында Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларына қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы құрылысы жүріп жатқан нысандардың шатырларының құрылыс талаптарына сай салынуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шаменов конго-қырым геморрагиялық қанды безгегі ауруының алдын алу жұмыстары жайлы баяндады. Айта кеткен жөн, есепті кезеңге 6 адам күдікті болып тіркелгенімен, зертханалық тексеру нәтижесімен расталмаған.
Ағымдағы жылдың эпидмаусымында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми мәліметіне сәйкес, облыс аумағында конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары болып табылатын қолайсыз аймақ болып 127 елдімекен анықталған, барлық мал басы 523 679-ды құрайды. Аталған елдімекендерде 2 сәуір – 17 маусым аралығында 2 кезеңмен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен кенелерден қолайсыз аймақ ретінде қосымша 15 елдімекен анықталып, үнемделген қаржы есебінен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы жауапты мемлекеттік мекемелердің мамандарына төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жалғастыруын, конго-қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқастарды емдеумен қатар, менингит індетіне қажетті дәрі-дәрмектердің тұрақты қорының жасалуын, науқастарға дер кезінде ем-шаралардың жүргізілуі қамтамасыз етілуін тапсырып комиссия отырысын қорытындылады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: