Облысқа «Спутник-лайт» вакцинасының 8 мың дозасы келді
Облыста соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 124 жағдайы анықталды. Оның 43-нен ауру беліглері байқалса, 81-і симптомсыз. Ал инфекциялық стационарда - 368 науқас ем қабылдауда. Өңірде ревакцинация жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазірге дейін 39 537 облыс тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын қабылдады.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов хабарлады.
- Қазіргі таңда өңіріміз «қызыл» аймақтар қатарында. Індет жұқтырушылар қатары күн сайын артып барады. Осы күрделі кезеңде тұрғындарды вакцинациялау маңызды. Қазіргі таңда 1 комнонентін алғандар 92,6 пайыз болса, ІІ компонентімен 87,8 пайызды құрады. Ал облыстағы 39 537 тұрғын ревакцинациядан өтті. Сондай-ақ, өңірімізге 8 мың доза «Спутник-ЛАЙТ» вакцинасы жеткізіліп, барлық емханаларға жөнелтуде. Ал «pfizer» вакцинасын 22 333 тұрғын қабылдады. Жалпы барлық емханалар штаттық режимде жұмыс істеуде, - деді Жангелді Шайымбетов.
- Облыста індеттің ірі ошағы Қызылорда қаласы. Аудандар үлесі бойынша індет ошақтары Шиелі және Жаңақорғанда анықталды. Жас ерекшеліктері бойынша жіктейтін болсақ, 20-29, 30-39 жас аралығындағы жастар арасында вирустың таралу деңгейі жоғары. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында белсенділік байқалады, оның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі басым. Облыста коронавирус инфекциясынан бөлек, жіті репираторлық вирусты инфекциялардың эпидахуалы күрделеніп тұр. Соңғы аптадағы көрсеткіштер өткен кезеңдермен салыстырғанда 1,5 есеге артқан, - деді Әлия Әбдіқайымова.