Арал ауданына биыл 8,5 млрд.теңге инвестиция тартылды
Арал ауданына жыл басынан бері 8,5 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды.
Аудан бюжетінің нақтылаған жалпы түсімдері 20,7 млрд теңгені құрады. Биыл аудан бюжеті 2 млрд. 663 млн теңгені құраған. Бұл аудан қазынасының өскенінің дәлелі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов баяндады.
Серік Сағитжанұлының айтуынша, жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 11,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Аудан бойынша 542 612 тонна тұз, 2 803 тонна балық, 209 тонна ет, 847 тонна нан және ұн өнімдері шығарылды.
- Сонымен қатар, ауданда «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1379 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын 9 жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 30 жас маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы алу үшін арнайы қаржы қарастырылды. Ауданда бағаны тұрақтандыру мәселесі де басты назарда. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағаларына моноторинг тұрақты жүргізілуде. Азық-түлік тауарларын жеткізетін жеке кәсіпкерлермен жыл сайын ынтымақтастық меморандум жасалып тұрады. Биылда осы жұмыстар қолға алынып, 10 жеке кәсіпкермен негізсіз баға өсірмеу мақсатында келісім жасалды. Айта кету керек, келер жылы азық-түлік тауарларын өндіру бойынша 9 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, сүт өнімдері, макарон, жартылай фабрикат (кеспе, жайма), құрғатылған жемістер, 2 жылыжай», - деді аудан әкімі.
Биыл қуаншылыққа байланысты Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осыған орай, ауқымды шаралар жасалды. Төрт-түлік малды жем-шөппен қамтамасыз ету бағытында қажетті мал азығынын көлемі жеткізілді. Қазіргі таңда шөп қорын молайту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 118 913 тонна болса, өткен жылдан қалған шөп көлемі 4512 тоннаны құрайды. Ал, аудан территориясынан орылған шөптің көлемі 41098 тоннаға жетіп отыр. Бүгінде жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарына 89,1 пайыз қамтамасыз етілді. Әлі де барлық мүмкіншіліктер қарастырылуда.