Жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында жаңа бюджет саясатының механизмі «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығуын көздесе, прокуратура органдарының бұл мәселедегі маңыздылығы арта түсуде.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол себепті, прокуратура алдағы уақытта бюджетке тиісті төлемдердің орнын толтыруды және олардың ұрлануына жол бермеуді қадағалау қызметінің бірінші кезектегі басымдықтары ретінде айқындады.
Осы тұрғыда Қызылорда облысының прокуратура органдарымен 2016 жылдың 2 айында әлеуметтік-экономикалық саласында 60 млн. теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды.
Оның ішінде мемлекет пайдасына өндірілген қаржының басым бөлігі (25 млн. теңге) жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен өндіріліп алған салық төлемдерінен құралған.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 215-бабымен жалған кәсiпкерлiк, яғни кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру ниетiнсiз, кредиттерді заңсыз алу немесе салықтан босату немесе тыйым салынған қызметті жасыру немесе өзге де мүліктік пайда алу мақсатында немесе осындай әрекеттердің жасалуына жәрдемдесу мақсатында жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн құру не басқа заңды тұлғалардың олардың шешiмдерiн айқындау құқығын беретiн акцияларын (қатысу үлестерiн, пайларын) иемдену, сол сияқты оларға басшылық ету, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiргені үшін қылмыстық жауаптылық қаралған.