Қызылордада еңбек ресурстарын тиімді бөлу, жастарды жұмыспен қамту және кадр тапшылығы бар өңірлерге мамандар тарту мәселелері талқыланды.
![]()
Еңбек нарығындағы маңызды мәселелердің бірі – өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімсіздігі. Бір аймақта жұмыс күші жеткілікті болғанымен, басқа өңірлерде белгілі бір мамандықтар бойынша кадр тапшылығы байқалады. Осы алшақтықты азайтып, азаматтарға жаңа өңірлерден жұмыс табуға мүмкіндік жасау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Осы мәселелер 16 қыркүйек күні Қызылорда қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған «Өңіраралық еңбек көші-қонын дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде талқыланды.
Жиынға 17 адам қатысып, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының өкілдері еңбек нарығындағы жағдай мен өңіраралық көші-қонға қатысты мәселелер жөніндегі пікірлерін ортаға салды.
Талқылау барысында жастарды жұмыспен қамту, кадр тапшылығы бар өңірлерге жас мамандарды тарту, еңбек ресурстарын тиімді бөлу және қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді.Қатысушылар еңбек күші артық өңірлерден мамандар қажет аймақтарға ерікті түрде қоныс аударуға қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте азаматтарға тек жұмыс орнын ұсыну жеткіліксіз. Тұрақты жұмыспен қатар, лайықты жалақы, тұрғын үй және жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігі де ескерілуі қажет.\Әсіресе жастар, жас отбасылар мен балалы отбасылар үшін қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесі көтерілді. Осыған байланысты қоныс аударатын азаматтарға арналған квота көлемін ұлғайту, қолжетімді тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылды.
Жиында қоныс аударушыларды жұмысқа орналастырудың сапасына да назар аударылды. Азаматтардың білімі мен кәсіби біліктілігіне сәйкес келетін тұрақты жұмыс орындарын ұсыну, еңбек жағдайы қолайлы әрі бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін қызметке орналасуына жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Сонымен бірге азаматтарды қоныс аударғанға дейін және көшіп барғаннан кейін сүйемелдеу жүйесін жетілдіру ұсынылды. Бос жұмыс орындары, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың алдын ала және толық берілуі қоныс аудару туралы шешім қабылдауды жеңілдетеді.
Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіру үшін бос жұмыс орындары мен кадр қажеттілігі жөніндегі ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік беретін қолжетімді ақпараттық жүйені дамыту қажеттігі де сөз болды. Бұл әсіресе жұмыс іздеп жүрген жастар үшін маңызды.
Қатысушылар кәсіби даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларымен сабақтастыра жүзеге асыруды ұсынды. Сондай-ақ қоныс аударушылардың тұрақты жұмысқа орналасуы, табыс деңгейі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және әлеуметтік бейімделуі бойынша жүйелі мониторинг жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер, білім беру ұйымдары мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланысты күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.Жиында көтерілген мәселелер бойынша әзірленген ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың қарауына енгізу ұсынылды.
Өңіраралық еңбек көші-қонын тиімді ұйымдастыру – еңбек ресурстарын өңірлер арасында теңгерімді бөлумен қатар, азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына және әлеуметтік жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Сондықтан бұл үдерісте жұмыс орны, тұрғын үй, лайықты еңбекақы және әлеуметтік бейімделу мәселелерін қатар қарастырудың маңызы зор.
Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының
Қызылорда облыстық филиалының баспасөз бөлімі