Бүгін Достық үйінде «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Адал Азамат – Белсенді Қоғам» тақырыбында ашық есік күні өтті.
![]()
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтық қоғам институттарының өзара байланысын нығайту, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, азаматтардың қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту және адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
Ашық есік күні аясында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, оған облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары, жастар және «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен сауалдары тыңдалып, оларды шешу жолдары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру, әлеуметтік жобаларды қолдау және азаматтық қоғамды дамыту бағыттары бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру тетіктері, азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Шәпи сөз сөйлеп, өңірдегі азаматтық қоғам институттарының маңыздылығына тоқталды.
Өз сөзінде басқарма басшысының орынбасары үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешуге, қоғамдық бастамаларды қолдауға және азаматтардың белсенділігін арттыруға қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі таңда азаматтық қоғамның белсенділігі – өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Үкіметтік емес ұйымдар халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге бағытталған нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара тиімді әріптестігі бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыра түседі», – деді Нұржан Арыстанұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, үкіметтік емес ұйымдардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Адал азамат – белсенді қоғам» қағидасы әрбір азаматтың ел дамуына өз үлесін қосуына, қоғамдық бастамаларға белсенді араласуына және ортақ жауапкершілікті сезінуіне негіз болады. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын жұмысы ерекше», – деді Анар Жарылқасынқызы.
Іс-шара аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіру, жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыру және азаматтық бастамаларды қолдау бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу соңында қатысушылар азаматтық қоғам институттарының өзара ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, қоғамдық бастамаларды бірлесе жүзеге асырудың және азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаудың маңыздылығын атап өтті.