№5547 әскери бөлімінде жас сарбаздар әскери ант қабылдады
14 қараша күні еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетуге сапқа тұрған 2-2026 жылғы шақырылымның 210-нан астам жас сарбазы туған жерге адал болуға ант етіп, салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Бұл күн — әрбір жас жігіттің өміріндегі ерекше белес, ерлік пен жауапкершіліктің алғашқы қадамы. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген боздақтар ата-аналарының, әскери бөлім басшылығының және ардагерлердің көз алдында ата-баба аманатына адал болып, Отанды қорғауға салтанатты түрде уәде берді.
Салтанатты шара барысында ардагерлер мен құрметті қонақтар жас сарбаздарға жүрекжарды құттықтауларын жолдап, ел сенімін ақтауға шақырды. Сондай-ақ, шараға қатысқан ата-аналар балаларының алғашқы әскери ант қабылдау сәтіне куә болып, өздерінің ақжарма тілектері мен алғыстарын білдірді.
Ресми бөлімнен кейін командирлер мен жауапты офицерлер ата-аналармен жеке кездесіп, әскери бөлімдегі қызмет ерекшеліктері, сарбаздардың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиын соңында қауіпсіздік шараларын сақтау және әскери тәртіпті нығайту бағытында маңызды ақпараттар беріліп, жеке құрам салтанатты маршпен сап түзеп жүріп өтті.