Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Алаяқтық қоғамның дертіне айналып барады

Алаяқтық қоғамның дертіне айналып барадыСоңғы кездері елімізде алаяқтық сарынындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Оның ішінде алаяқтықты жасаушылардың көбіне әйелдер екені тағы бар. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарын да нәзік жандылар құрайды. Олардың көбісі әлеуметтік жағдайларды түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналастырудан бастап, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға жұмыстарына көмектесуге уәде етеді. 
Жеңіл, төте жолмен пәтер, не жер теліміне қол жеткізгісі келгендер алаяққа жем болып қана қоймай, өзі де заң бұзып отырғанын білуі міндетті. Ол үшін алаяқтық қылмысты жасаушылар мен кей жерлерде қылмысқа өздері себепші болған жәбірленушілердің ісі қоғамда кең талқыланып, қылмыстың алдын алу үшін БАҚ құралдары арқылы жария болуы қажет. Оған дәлел мен себеп те жетерлік.
Алысқа бармай-ақ, 2014 жыл мерзіміндегі мәліметтерді саралайтын болсақ, қалалық сотта барлығы 687 қылмыстық іс қаралса, оның ішінде алаяқтыққа байланысты 183 қылмыстық іс қаралған.
Сонымен бірге, 183 алаяқтық қылмыстарының 122-і немесе 66,7% пайызы нәзік жандылармен жасалса, қалғаны ер азаматтарға тиесілі.
Мысалға, қалалық сотта А.Б.-ға қатысты қаралған қылмыстық іс бойынша соттың 27.11.2014ж. үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 177-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен яғни, ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалып, жалпы режимде өтеуге белгіленді.
Істің мән-жайына қысқаша тоқталатын болсақ, сотталушы А.Б. бірнеше жәбірленушілермен танысып, өзінің әкімшіліктегі таныстары арқылы кезектен тыс пәтер алып бере алатыны туралы жалған әңгімелер айтып сендірген.
Осылайша, ол құрығына түскен жәбірленушілердің әрқайсысынан 1 775 000, 1 375 000 және 2 000 000 теңгеден ақшаларын алып, мақсатына жеткеннен кейін бой тасалап кеткен.
Әйел азаматтарының осындай кейбір қылмыстық әрекеттерін отбасының ұйытқысы, асыраушысы ретінде қандай да болсын жолмен табыс табуға, осындай қылмыс жасауға дейін баруымен ғана түсіндіруге болады.    
Дегенмен, тұрмыс тауқыметіне көнбіс келетін әйел азаматының мұндай жолмен отбасын асырау әрекетін Заң көтермейтінін, кімді болса да мұндай табыс алысқа апармайтынын түсінсе екен.
Жоғарыда аталғандай, алаяқтардың жәбірленушілерді алдау тәсілдері негізінен олардың ең мұқтаж қажеттіліктеріне бағытталады. Олардың негізгілерін атап өтер болсақ, қазіргі кездегі адамдардың ең қажет нәрселері, жер телімдерін алу, жеңілдікпен пәтер алу, банктерден кедергісіз тез арада несие алу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер жатады. Алаяқтар осы мұқтаждықтарды өз пайдасына шебер пайдалана біледі.
Осы орайда жәбірленушінің де іс-әрекеттеріне тоқталмасқа болмайды. Нақтылай келгенде, жәбірленушілер де заңсыз жолмен ойлаған мақсаттарына жетуге ұмтылады. Мұндайда жәбірленуші тек алданып қана қоймай, өзінің пайдакүнемдігімен мұратына жеңіл жету жолдарын қарастырады.
Мысалға, қаралған қылмыстық істер бойынша кей жәбірленушілер мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алу үшін өзінің бұрынғы пәтерін сатып, не оны басқа біреудің атына ресімдеп, тағы да пайда көру үшін кезектен тыс пәтер алмақ болған әрекеттер бар. Сүйте тұра, сол қылмысын жасырып-жасқап, алаяқтарға берген ақшасын «қарызға бердім» деп, заңсыз жолмен делдал арқылы пәтер алуға әрекет жасағанын мойындамайды. Көп жағдайларда жәбірленушілер өздерінің заңға қайшы әрекеттерін жасырып, тіпті, құқық қорғау органдарына да хабарламайды. Соның салдарынан алаяқтық қылмыстар дер кезінде ашылмай, қылмыстың алдын алуға кедергі келтіреді.
Сол сияқты, жәбірленуші мемлекет қарамағындағы жер телімдерінің қандай тәртіппен, қай мекеме арқылы берілетінін біле тұра, оны шешудің заңсыз жолдарын қарастырып, ақырында алаяқтарға жем болады. Олар өздерінің алдауға түскенін шындығына келгенде жер телімін де, берген ақшаларын да қайтарып ала алмайтынына көзі жетіп, әбден әуре-сарсаңға түскеннен кейін барып қана құқық қорғау органдарына жүгінеді.
Алаяқтықтың негізгі принципі — өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу болып табылады. Бұл "еріктілік” алаяқтықты басқадай ашкөздік қылмыстардың ішінде ерекше етеді.
Мұндай қылмысты дәлелдеу қиыншылығы тағы бар, себебі алдау фактілерін объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді. Алаяқтық адам психологиясын және оның әдеттегі әрекетін жақсы білуге негізделген. Бұл арада адамгершілік ұғымы туралы әңгіме болмайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін ескеріп, соны пайдаланып кетеді.                  
Алаяқтарға жем болатын аңқаулар бір емес, бірнеше рет істі болғандарға жем болып жататын оқиғалар да жиі кездеседі. Сондықтан пара беріп, үй аламыз, жер аламыз деместен бұрын жақсылап ойлану қажет.


Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: