Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов сонау сұрапыл жылдары жеңісті қалауға өз үлесін қосқан қарт майдангер, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлдың отбасында болды. Ардагерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
«Соғыс – бұл жазықсыз жандардың көз жасы мен қайғысы. Мен қазіргі жас ұрпақ біз тартқан ауыртпашылық пен бейнетті көрмесе екен деп тілеймін», - дейді Қабақ ата.
19 жасында соғысқа аттанған қазалылық Қабақ ақсақал Москва бағытындағы Тула қаласының маңында неміс фашисттеріне қарсы шабуылға шыққан. Майдан кезінде көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері соғыстан кейін елге оралғаннан бастап есеп саласында 40 жыл еңбек етеді. Бүгінде 10 ұл-қызынан тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған бақытты жандар.
Сондай-ақ, аудан әкімі соғыс ардагерлері Тілеуберген Тобабергенов пен Қалеп Бектұрғановтың та үйлеріне барып, сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер аудан басшысына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыстарын білдірді.
Т.Тобабергенов Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған. 1948 жылы елге оралғаннан бастап зейнет жасына дейін теміржол саласында абыройлы қызмет еткен. Қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты өмір сүруде. Ал Қ.Бектұрғанов соғыс майданынан екі жерден жарақаттанып, елге оралған. Бүгінде 8 ұл-қызынан 22 немере мен 23 шөбере сүйіп отыр.