Ішкі істер органдарына тіркелмеген 23 қару тәркіленді
Үстіміздегі жылдың ақпан айының 10 мен 20 аралығында облыс көлемінде «Қару» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара басталған уақыттан бері Қызылорда облысы көлемінде 13 азаматқа қару сақтайтын бөлмеге немесе сейфіне дабыл қондырғыларын орнатпағаны үшін шара көрілсе, ішкі істер органдарына тіркелмеген заңсыз 23 қару тәркіленіп, 97 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жЖекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы №1176 қаулысымен бекітілген қару мен оның патрондары айналымының ережесіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 17 сәуірдегі №363 қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осы қаулыда азаматтық және қызметтік қару иелеріне қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша қосымша талаптар белгіленген. Атап айтқанда, қалалық елді мекендерде (республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ олардың әкімшілік бағынысының аумағындағы кенттер) тұратын азаматтық қару иелері үшін қару сақталатын үй-жайларды пәтер ұрлығына уақытылы ден қоюға мүмкіндік беретін және қылмыскерлерді ұстауға ықпал ететін күзет жүйесінің бар болуы және пайдалану бойынша 2014 жылдың 1 желтоқсанына дейін міндетті талаптар енгізілген болатын.
Қалалық елді мекендерде тұратын азаматтық қару иелері Үкіметтің 2014 жылғы 17 сәуірдегі №363 қаулысы қолданысқа енгізілген күннен бастап қару сақталатын үй-жайларды немесе сейфтерге дабыл қондырғысын орнату қажет. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында өнiмдердiң сәйкестiгiн мiндетті түрде растау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 сәуірдегі №367 қаулысының талаптарына сәйкес, заңды және жеке тұлғалар іске асыратын күзеттің техникалық құралдары заңнамада белгіленген тәртіпте берілген сәйкестік сертификаттарымен расталған болуы керек.
Азаматтық қару иелері жоғарыда аталған талаптарды орындамаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-бөлігімен шара көріліп, 5 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 9910 теңге көлемінде айыппұл салынады.