«ПетроҚазақстан» спорт кешенінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның қайырымдылық акциясы болып өтті. Дәстүр бойынша көктемгі Наурыз мейрамы қарсаңында мұнайшылар компания ардагерлеріне, зейнеткерлеріне, жұмыста жүріп жарақат алған және асыраушысынан айрылған еңбеккерлер отбасыларына азық-түлік пакеттерін табыс етті.
«ПҚҚР» АҚ өңірдің әлеуметтік саласының дамуына атсалыса отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын қатаң ұстанады. Компания аймақтағы аз қамтылған отбасыларын, мүгедек балалар мен жетімдерді, ардагерлерді, зейнеткерлерді қолдауға бағытталған бастамалар мен акциялардан, бірлескен қайырымдылық істерден тұратын іс-шаралар кешенін жүзеге асырып келеді.
Мұнайшыларға атаулы күндерге арнап азық түлік пакеттерін тарату шарасы жылына екі рет ұйымдастырылады – Наурыз және Жаңа жыл мейрамдарында. Биылғы жылы 140-қа жуық адамға берілген азық түлік жиынтығына – әрқайсысы 25 келіден қант, күріш, ұн, 10 келі макарон өнімдері, 2 келі шай және 5 литр өсімдік майы кіреді.
- Нарықта мұнайдың бағасы түскеніне қарамастан, «ПҚҚР» АҚ өзінің ізгі дәстүрінен жаңылмайды – компания облыстың әлеуметтік-экономикалық саласын өркендетуге үлес қоса отырып, барлық қайырымдылық және демеушілік шараларға белсенді түрде қатысады, - дейді «ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасының еңбек ресурстары және әкімшілік жөніндегі орынбасары Суфия Даминова. – Біз «ПетроҚазақстанның» бүгінгі күні аймақтағы жетекші мұнай компаниясына айналуына айтарлықтай еңбек сіңірген өз ардагерлерімізді құрмет тұтамыз. Барлығыңызды да достықтың, бірліктің, жасампаздықтың мейрамы – ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
«ПетроҚазақстан» спорт кешенінің фойесінде компания ардагерлеріне шай беру рәсімі ұйымдастырылды. Ақсақалдар өздерінің қамқоршы әріптестеріне жасаған көмектері үшін алғыстарын жаудырды.
Зейнеткер Ермекбай Шаймаханов «ПҚҚР» АҚ тарапынан берілетін көмекті екінші жыл қатарынан алып отыр:
- Мереке қарсаңында бізге азық-түлік жағынан қол ұшын созу – айтарлықтай елеулі көмек. «ПетроҚазақстан» басшылығына өздерінің аға буын әріптестерін ұмытпағаны үшін үлкен рақмет, зор ілтипатымды білдіремін, мұнайшыларға табыстар тілеймін, компаниямыз гүлдене берсін!
- Біз сияқты зейнеткерлер үшін азық-түлік пакеттері үлкен демеу, - деп ағынан жарылады «ПҚҚР» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Барлыбай Биманов. – Барша ардагерлердің атынан компания басшылығына осыншалықты қамқорлықтары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
«ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Хұсайын Сәрсембаевтың айтуынша, Наурыз-2015 мейрамын тойлау аясында «ПҚҚР» АҚ аз қамтылған отбасыларының 350 баласына қайырымдылық ниетпен мерекелік ертеңгілік өткізбекші. Балалардың әрқайсына свитер, жұмсақ ойыншық және әлбетте тәтті сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының орталық алаңында қаланың 500-ден астам тұрғындары мен қонақтарға дәстүрлі наурыз көжемен қайырымдылық ас бермекші. Сондай-ақ «ПҚҚР» АҚ-ның тәтті сыйлықтарын және ойыншықтарын Жаңақорған және Қазалы аудандарындағы қамқорлықтағы балалар мекемесінде тәрбиеленіп жатқан жүзге жуық сәбилер мен балалар күтуде.