Қазалы ауданында дағдарысқа қарсы жұмыс жоспары өз деңгейінде әзірленіп, күнделікті тұтыну тауарларының тұрақтылығын сақтау мақсатында нақты шаралар атқарылуда. Жалақы бойынша берешек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің орындалуы, жұмыспен қамту және ішкі резервтерді іздеу мәселелері тұрақты назарда. Қазалы ауданының осы және өзге де мәселелері бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы коммуникациялар орталығында аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқаповтың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша 2015 жылы ауылдық жерде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жобасы аясында 14 азаматқа 42,0 млн теңге қаржы несиеге берілген. ҮИИД бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 15 жоба енгізіліп, 188 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
«Үстіміздегі жылы Ұлттық қордан бөлінген қаржыны игеру мақсатында «Даму-Өндіріс» бағдрламасына тамақ өнеркәсібін дамыту және құрылыс бұйымдарын шығаруға бағытталған 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, барлығы 67 нысан іске қосылып, 136 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда», - дейді Б.Жарылқапов.