Өзбекстан Орталық Азиядағы ең ұзын Сырдария өзенін химиялық қоспалармен ластады
«Астана» арнасына сұхбат берген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Үйлесбек Бестереков Өзбекстан Сырдария суын химиялық қоспалармен ластағанын жеткізді. Ол үш жыл бойы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенгенін айтады. Бұл жөнінде "Астана" телеарнасы хабарлады.
«Сырдың суын ластауға үлкен үлес қосып отырған ел біздің ойымызша — Өзбекстан. Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, Өзбекстан территориясынан шығатын су — ең жоғары ластанған дәрежеде. Әсіресе, осының ішінде сынапқа қатысты мүмкіндігі шекті шоғыр 0,01 микрограмм литр болса, ол қазір 25-30 есеге артық. Молибденге қатысты 15-20 есеге асып кеткен. Хром, кадмий, мыс қатысты 1 микрограм литрден аспау керек, ол екі есеге артып кеткен», — дейді ғалым.
Оның айтуынша, Сырдың суында кездесетін 9 бірдей химиялық элементтердің мөлшері шектен тыс көбейіп кеткен. «Бұл қоспалар түрлі өнеркәсіп орындарының қалдықтары екені даусыз», — дейді ғалым.
Мұндай жағдайда балық шарушалығы мен егіс алқаптарының өнімін тұтыну да қауіпті деп отыр. Айта кетейік, Сырдария өзені Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанды кесіп өтеді. Сондықтан 4 мемлекет ішіндегі зерттеу жұмыстарына 3 жыл бұрын НАТО-ның ғылыми комитеті 570 мың еуроға жуық грант бөлген.
Қаржының Қазақстанға тиген мөлшері 137 мың евро. Алайда, қаржының басым бөлігі зерттеу қондырғыларына үлестірліпті. Ғалым Үйлесбек Бестереков «Су ресустары сапасына мониторинг зертханасының» жетекшісі ретінде, бұл қаржыны ақтағандарын айтады.
Енді Сырдарияның ластануы мәселесі бойынша өзен бойындағы төрт елдің ғалымдары Бішкекте бас қоспақ.