"Бизнестің жол картасы-2020" бойынша 5 жоба жүзеге аспақ
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Қызылордада «Жиһаз жасау цехы», «Кілем және кілем бұйымдарын химиялық тазалау фабрикасы», «Техникалық қызмет көрсету орталықтары» ашылады. Бұл туралы үдемелі индустриялық даму бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде айтылды.
Аталған бағдарлама аясында Қызылорда облысында жалпы несие құны 20 млрд. теңгеден астам 237 жоба жүзеге асты. Оларға мемлекет есебінен 1,2 млрд. теңге көлемінде субсидия төленді.
Биылғы жылдың өзінде аймақтық үйлестіру кеңесімен жалпы несие құны 900 млн. теңгені құрайтын 16 жоба мақұлданды. Мақұлданған жобалардың 38,8 пайызы өндеуші салаға жатса, оның ішінде 18 пайызы тамақ өндіру саласына тиесілі. Осы бағдарламаның нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, жаңадан 3 мың 619 адам жаңа жұмыс орнына орналасты.
Бүгінгі үйлестіру кеңесінде 5 жоба талқыланды. Оның 4-еуі қызмет көрсету саласына, 1-еуі өңдеу өнеркәсібі саласына жатады. Бұл жобалардың барлығы «Қазақстан халық банкі» акционерлік қоғамы Қызылорда филиалы ұсынып отыр. Кеңесте 5 жоба да мақұлданды.
Аймақ басшысы кәсіпкерлермен жеке-жеке сұхбаттасып, барлық жұмыстар мерзімді әрі сапалы жүргізілуін тапсырды.