Қызылордада «Әке – отбасы тірегі» атты спорттық сайыс өтті
Биыл елімізде алғаш рет маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні болып мерекелік күнтізбеге енгізілді. Жалпы отбасының беріктігі ер-азаматқа тікелей байланысты. Халқымызда әкені ерекше құрметтеп, мәртебесін жоғары қою дәстүрі орныққан.
Бүгінгі атаулы күнге орай қаладағы Тұңғыш Президент саябағында «Әке – отбасы тірегі» атты спорттық сайыс өтті. Сайыс мақсаты— әке мен балаларды бір мақсатқа жұмылдыру, отбасындағы береке-бірлікті нығайту.
Шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов қатысты. «Әкелер Одағы» ҚРҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Ержан Ескендір қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Әкелер күні тек мереке ретінде ғана атап өтілмеуі керек деп есептеймін. Өйткені ер-азаматтар өз отбасына көңіл бөлу, ұл-қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейді. Әкелердің мәртебесін көтеру және оларға қолдау білдіру баршамыздың парызымыз деп білемін. Бүгінгі сайысқа қатысушы барша әкелерге сәттілік тілеймін!, - деді Ержан Ескендір.
Белсенді әкелер мен олардың балалары қатысқан спорттық сайыста түрлі салада қызмет ететін жалпы саны 18 команда (18 отбасы) өзара бақ сынасты. Олар ұлттық ойындардың бірі - «Асық ату» және "Көңілді эстафета» бойынша жарысты.
Айта кетейік, Әкелер күніне орай 17-18 маусым күндері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда әртүрлі форумдар, көңілді спартакиадалар, жиындар және танымдық кездесулер өткізілуде.