Сунақатада ардагерлер құрметіне автошеру өткізілді
Ауыл жастары соғыс ардагері және тыл ардагерлерін темір тұлпарларына мінгізіп, көшеде автошеру жасады. Жалаулатқан жастар қауымы жеңісті жақындатқан майдангер аталарына осылай құрмет көрсетті.
Мұнан кейін №194 орта мектеп базасында өнерлі оқушылар патриоттық бағыттағы әндер шырқап, флешмоб ұйымдастырды. Сондай-ақ соғыс ардагері Шәймерден Сүйіндіков бастаған абыз ақсақал мен бір топ тыл ардагеріне Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медаль табыстады. Елбасының ыстық сәлемін жеткізген ауыл әкімі қоғамдық істерге белсене атсалысып жүрген саланың жас мамандарын «Алғыс хаттармен» марапаттады.
«Бірлескен істе береке бар» демекші, Мұхтар Шалысбаев басшылық ететін білім ордасындағы айрықша шараны ұйымдастыруға ауыл әкімшілігі мен «Жастар ресурстық орталығы» аудандық бөлімі және «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалы атсалысты. Аталмыш орталық жетекшілері Н.Бакиров пен Н.Айдаров үлкендерге деген құрмет қашанда биік мәртебе екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, Сунақ ата ауылдық округіндегі жастар қауымы Елбасымен бірге жаңа жеңістерге жететіндігіне кәміл сенімді.