Жалағаш ауданында мемлекеттік қолдаудың нәтижесін кәсіпкерлер ғана емес, қалың жұрт көріп отыр. Өйткені осынша қолдаудың арқасында өңірде 171 адам жұмыспен қамтылған.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 21 жоба 253,4 млн теңгемен қаржылай қолдау тапты. Оның ішінде 11 жоба 99,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілген. Сондай-ақ оның пайыздық үстемақысы бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. «Еңбек» бағдарламасы аясында да жыл басынан 36 жоба 146,7 млн теңгемен қаржыландырылды. Мұнан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 3 жоба 47,6 млн теңгеге қаржылай қолдау тапқан.
Өңірде «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие» серіктестігі арқылы 25 жобаның авторы да 319,9 млн теңгеге қол жеткізген болатын. Сондай-ақ «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы да 12 жоба авторына 269,8 млн теңге үлестірілген.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба егін егу жұмыстарын жүргізуге 86,4 млн теңге қаржылай қолдау тапты. Ал «КазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 5 шаруа қожалық 289,7 млн теңгеге қол жеткізді.