Жанқожа батыр есімі ел жүрегінде ерекше орын алады. Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылында дүниеге келіп, 1860 жылы өмірден озған.Жанқожа батыр –Кішкене Шектінің Құттық аталығының ішіндегі Майдан руынан тарайды.
Жанқожаның батырлығы мен әділдігі, адалдығы мен көріпкел-әулиелігі жәйлі ел аузында жүрген әңгімелер мен тарихи деректер жеткілікті. Жанқожаның жастайынан әділетсіздікке жаны қас болады. Ол он бес жасында әділетсіздігі үшін Кішкене Шектілердің Құрманай, Құттық руларын билеген Қылышбай ханның басына айбалта сілтейді. Бүкіл өмірін туған жері мен елін Хиуа мен Қоқан билеушілерінің зорлық-зомбылығынан, орыстардың озбырлығынан қорғауға арнаған.
Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде Халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне арналып салынған «Жанқожа батыр ескерткіш кешені» орналасқан. Кесене құрылысын салуға мекемелер мен кәсіпорындар, мыңдаған жекелеген азаматтар қаржылай көмек көрсетті.Қазіргі таңда қасиетті орынға туристік мақсатта және баба рухына құран бағыштап, зиярат етіп келушілер саны күннен-күнге артуда.
Осыған орай халыққа ыңғайлы жағдай туғызып, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында Жанқожа батыр ұрпақтарының демеушілігімен кесененің төрт қабырғасындағы ашық (арка тәріздес) бөлігі қалың әйнекпен жабылып, сырлау, әктеу т.б. жөндеу жұмыстары жүргізілді.